Bugin

Асхат Қасенғали: «Нағыз ксенофобияның отаны Ресей»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали Сергей Лавровтың Қазақстанда орыстілділерге қарсы ксенофобия бар деген пікіріне өз жауабын берді. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбаты барысында айтты. 

- Шынымды айтсам сыртқы істер министрлігі тарапынан берілген жауапқа көңілім толған жоқ. Депутат ханымның жауабын көрдім. Снежанна Имашева жауап берді: Лавров басымды қатырмасын - деп. Лавров басымды қатырмасын деген сөзді саяси интерпретацияда сыртқы істер министрлігі жауап беруі керек еді. Сондай бір жауап қатуға тиіс еді. Үндемеу келісудің белгісі дейді. Егер біздің тарапымыздан нақты жауап болмайтын болса ендеше ол Қазақстанда шын мәнінде ксенофобия бар дегенді мойындау болып табылады. Біздің министрлік нақты жауап берген жоқ. Біздің жауап мынадай болуға тиіс еді: біріншіден, бұл Қазақстанның ішкі мәселесі. Ксенофобия Қазақстанда жоқ. Бұл Қазақстанның ішкі мәселесі. Біз ішкі мәселені өзіміз реттейміз. Қандай мемлекет болмасын біздің ішкі мәселемізге араласуына жол бермейміз - деген сияқты нақты, әдемі, саяси жауап болуы тиіс еді. Өкінішке орай ондай жауап болған жоқ. Ол жауапқа сыртқы істер министрлігінен берілмеген жауапқа менің көңілім толды деп айта алмаймын - деді саясаттанушы. 

Сондай-ақ, Асхат Қасенғали ксенофобяның нағыз отаны Ресей деп ойлайтынын жеткізді.

- Шындығын алып қараған кезде ксенофобияның отаны Ресей ғой. Мысалы Орталық Азияның мигранттарын шектеу, дініне байланысты шектеу, Мәскеу сенің жерің емес деп Кавказдықтарды қуу деген сияқты. Күнделікті күйбең тіршілікте ондай мысалдар, видеолар өте көп. Сондықтан, оның бәрін көріп отыра үндемеу, нақты жауап бермеу, ксенофобия бар сияқты оны қабыл алу, оған ешқандай реакция танытпау дұрыс емес. Егер түйеқұс сияқты басымызды тығып алып отырсақ мәселе жоғалып кетпейді. Сондықтан, мәселеге нақты жауап беруге тиіспіз - деді ол. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресейдің мемлекет қайраткері Сергей Лавров Қазақстандағы орыстілділердің жағдайына алаңдаулы екендігін жеткізген болатын.