Әлем
49 күннен бері аштық жариялап келе жатқан Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили түрме ауруханасында адвокаттармен кездесу кезінде есінен танып қалды.
Vesti.ru мәліметінше, бұл ақпаратты экс-президенттің адвокаты Бека Басилая хабарлаған. Саакашвили жоғары қабатқа көтерілмек болып бөлмеден шыққанда күтпеген жерден есінен танып құлаған. Кейін дәрігерлер Саакашвилидің өзіне келгенін айтып, «медициналық тұрғыдан баға бере алмаймын, бірақ жағдайы өте ауыр болды» деген.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қазанда Саакашвили ұсталып, Рустави қаласындағы түрмеге тоғытылды. Онда ол наразылық ретінде аштық жариялады.
1 қарашада оның досы Елизавета Яско саясаткердің 20 келіге арықтағанын хабарлады. Грузияда Саакашвили екі қылмыстық іс бойынша сырттай кінәлі деп танылып, оның біреуінде үш жылға, екіншісінде алты жылға бас бостандығынан айырылды.