Bugin
Күні кеше Алматыда 28 жастағы әйел тоғызыншы қабаттан үш баласын лақтырып, артынан өзі де секіріп кетті деген ақпарат тарады. Биіктіктен құлаған балалардың екеуі анасымен бірге оқиға орнында көз жұмса, үшінші бала ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Бұл туралы Bugin.kz порталы Информбюро 31 жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция, туған балаларының да өмірін өлімге тігіп, өз-өзіне қол жұмсаған әйел әрекетінің бір себебі - отбасылық жанжалдан шығуы мүмкін дейді. Марқұм, пәтерінің есігін іштен кілттеп, хат қалдырып кеткен екен. Куәгерлер, анасы лақтырған балалардың ең кішкентайы дәрігерлер келгенше тыныстап жатқан.
– Дауыс шыққанын естідім. Жоғарыдан зат түскендей болды. Тарс ете түсті, бір-ақ рет шықты - марқұмның көршісі Ержан.
– Куәгерлердің сөзінше, тарс еткен дауыс естілгенде келіншекке «не істеп жатырсың? Біз полиция шақырамыз» деп ескерткендер болған. Алайда, 28 жастағы әйел алдымен үш баласын кезек-кезек лақтырып, артынша өзі секірген. Балалардың бірінің денесі тиген болуы керек, сегізінші қабаттағы терезенің жақтауы жерге ұшып түсіп, көлікті бүлдіріпті - дейді тілші Ирина Советжанқызы.
Куәгер Алексей Шен есімді азамат әйелдің жоғарыдан лақтырып жатқаны қоқыс деп ойлаған. Алайда, ол өз балаларын лақтырып жатқан екен сол сәтте.
Полиция, екі, бес және алты жасар балаларын тоғызыншы қабаттан лақтырып, артынан өз-өзіне қол жұмсаған әйел өліміне қатысты қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша іс қозғады.
– Өкінішке орай, әйелдің өзі екі кішкентай баласымен оқиға орнында жантәсілім етті. Тағы бір баласы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Үш баланың анасы пәтерін іштен кілттеп, өлім алдындағы хат қалдырған. Онда не жазылғанын полиция айтпайды. Кейбір ақпарат құралдары, өлім алдындағы хатта келіншек «өмірден шаршағанын, сынақты көтере алмайтынын, ешкімді кінәламайтынын, бірақ кінәлілер өздері біледі» деп жазылғанын айтады. Ал, бұл жағдайға байланысты көршілердің өз күдігі бар.
– Ақшаның жоқтығы, жоқшылық. Неге әйелдер мұндай қадамға барады? Меніңше, екі ғана себебі бар, бірі жоқшылық, екіншісі, күйеуі ішкіш, ұрады, басқа себебін көріп тұрған жоқпын. Неге балаларын өлтірді, жүрегім ауырып тұр - дейді көршісі Күлімхан Кронова.
Полиция да, әйелдің өз өзін, балаларымен қоса өлімге итермелеуінің алғашқы болжамдарын күйеуімен ұрсысып қалуы, отбасылық жанжал деп көрсеткен.