Әйел мен бала жауапкершілігі кімнің мойнында?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қоғам үшін үлкен қасірет. Кеше Алматы қаласында 28 жастағы әйел үш баласымен тоғызыншы қабаттан секіріп кетті. Ақпаратты толқусыз, сезімсіз қабылдау мүмкін емес. Кім кімнің болсын жанын ауыртқаны сөзсіз. Үш баланың өмірі, жауапкершілігі бір ананың мойнына ілініп кетті. Бұл тұтас бір қоғам үшін үлкен сын.  Шарасыз ананың үш баласын тоғызыншы қабат терезесінен лақтырып, соңынан өзі секіріп кетуіне не себеп? Төрт бірдей адамды өлімге жеткізетіндей қаншалықты күйзеліске, қаншалықты депрессияға түсу керек? Осы сауалдарға байланысты саясаттанушы Асхат Қасенғали мен психотерапевт Сая Бақимованың пікірін білген едік.  

Саясаттанушы Асхат Қасенғали: 

- «Күні кеше болған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Әрине, оқиғаның анық-қанығына жетпей, мына тарап кінәлі деп кесіп айту қиын және дұрыс емес. Қазір бізді оқиғаның себебі алаңдатуы тиіс. Отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс болған күннің өзінде оның нақты себебі болады. Әлеуметтік, психологиялық дегендей. Дей-тұра үш баласын шырылдатып лақтырып, артынша өзі секіріп кету үшін үлкен себеп керек. Нақты айту қиын. Бір дүние анық. Суицид жасау мен өлімге бару бойынша еліміз көш бастап тұрған мемлекеттер қатарында. Және оның басым бөлігі әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен дер уақытында психологиялық көмек көрсетпеуден. Қоғамда «психологқа баруды ерсі қылық санайды», салдарынан көптеген адам ішкі сырын, мұңын, өзін толғандырған мәселесін нақты ешкімге ашылып айтпайды. Арты көбіне қайғылы жағдайға әкеледі.  

Екінші мәселе ол әлеуметтік жағдайдың нашарлығы. Пандемиядан кейін ол тіпті ушығып кетті десек те болады. Мыңдаған адам жұмысынан айырылды, қаржысыз қалды. Қазір тіпті инфляция көлемі артты, азық-түлік, дәрі-дәрмек, пәтер жалдау ақысы өсті. Осының бәрі көптеген азаматқа соққы, шешімін таба алмаған жандар суицидті шығу жолы деп ойлайды. Сондықтан мемлекет осы екі мәселені шешуді жылдамдатпаса, ал ең бастысы жүйелі етпесе, онда біз өкінішке орай кешегідей қайғылы оқиғалардың куәгері бола бермекпіз».

Психотерапевт Сая Бақимова: 

- «Бұл бір сәттік депрессиялық эпизод емес, адамда бұрыннан келе жатқан ауыр депрессия салдары. Бұған дейін де белгілер көрінген болар - апатия, қатты арықтау, не тым салмақ қосу, түнде 7 сағаттан аз ұйықтау, әлеуметтік изоляция, тб. Плюс адамның бала кезінен келе жатқан психологиялық травмалары да қайта оянуы мүмкін. Бір ауыр жағдай адамда бұрыннан келе жатқан жан жарасының бәрін қозғайды. Психологиялық травманың жаман жері сол.  

Біз бұны сырттан қарап, салқын ақылмен айтып отырмыз, балаға қатігездік деп. Депрессия, әсіресе ұзақ уақыттық депрессия адамның миын, оның танымдық процестерін өзгертеді. Яғни ми гормондары өзгереді, ал ол деген сөз ми өзгерді деген сөз. Мұндай адам бұрынғыша ойламайды, сыртқы нәрсенің бәрін бұрмалап, басқаша түсінеді. Сондықтан ол ана “өмір жаман, мұндай жамандыққа балаларды қалай қалдырамын” деп ойлаған болар». 

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61