Bugin
Алматыда үш баласын терезеден лақтырып, артынша өзі де терезеден секіріп кеткен келіншектің ата-енесі келініміздің мұндай қадамға баруына жоқшылық себеп болуы мүмкін емес дейді. Сүйіп қосылған ерлі-зайыптының арасында ұрыс-керіс те болмағанын айтады. Енді ата-ана ұлдарының өміріне де алаңдаулы. Ұлымыз өзіне қол сала ма деп қорқады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Astana Times жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
- Папа төртеуі де жоқ. Маған өмір сүрудің мәнісі жоқ дейді. Маған айтады. Мен де өлем дейді - деді марқұмның қайын атасы Бауыржан Оразов.
Бір күнде төрт адамнан айырылған Оразовтар отбасы ұлымызда өз-өзіне қол салады ма деп қорқады. Бауырлары күндіз-түні қасында. Бір елі ажырап жатқан жоқ дейді Нұрсұлтанның әкесі. Ол Алматыдан мәйіттерді елге әкеле жатқан көрінеді. Үш немересімен мен сүйікті келінінен айырылып есеңгіреген қайын атасы Гүлім деп еркелеткен келінінің мұндай әрекетке барғанына әлі де сене алар емес.
- Екеуі сүйіп үйленді, сүйіп алды. Үш бала-шағалы болды. Нұрсұлтан баламды жаман бала деп айтпаймын. Көршілері, жора жолдастары біледі. Ішпейтін, шекпейтін бала. Келінім де алтын адам еді - дейді әкесі Бауыржан Оразов.
Нұрсұлтанның әкесінің айтуынша баласы базарда сауда-саттық жасайды. Келінімнің суицидке баруына жоқшылық себеп болды дегенге негіз жоқ дейді. Несиелері де жоқ көрінеді. 26 жыл Ішкі істер саласында еңбек еткен азамат келінінің қалдырған хатында кімдерді меңзегені өздеріне де жұмбақ болып тұрғанын айтады.
- Бұл өмірдің тауқыметіне шыдай алмадым. Кінәлілер өздері біледі деп жазып кетіпті дейді. Оған менің де басым жетпеді. Не болды, не қойды менің де басым жетпей жатыр оған - дейді Нұрсұлтан Оразовтың әкесі.
Анасының шешімімен көкке ұшып кете барған үш перзенттің тұңғышы биыл ғана бірінші сыныпқа барған көрінеді, екінші қызы дайындық тобында оқыған, ал кенже ұл жақында ғана 2 жасқа толатын еді дейді марқұм балалардың атасы.