Bugin
Х Азаматтық форумның жұмысы бүгін де жалғасуда. Үшінші күн «Азаматтық қоғам және «Рухани жаңғыру» талқылау алаңынан басталды.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Форумды ұйымдастырған Қазақстанның «Азаматтық Альянсы», Шымкент қаласының «Азаматтық Альянс» қауымдастығы мен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі. Республиканың барлық өңірлерінен қатысушыларды қамтыған пікірлесу сағатын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Индира Рыстина жүргізді. Негізгі спикерлер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, «Atamnyn Amanaty» ҮЕҰ өкілі Әлия Сағымбаева, Республиканың Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды үйлестіру департаментінің директоры Ұлықбек Серікұлы Тналиев, Шымкент қ. «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева. Сондай-ақ, форум секциясына онлайн форматында ҮЕҰ, қоғам қайраткерлері, азаматтық белсенділер, өңірлердің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Пікірталас алаңында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Елбасының күні кеше «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жарияланған жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығына тоқталды.
«Елдіктің жеті тұғыры «Рухани жаңғыру» бағдарламасының логикалық жалғасы. Мысалы, бесінші тұғырға тоқталсақ, Елбасы «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор. Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал. Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз» деді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асып жатқан уақытта 11 мыңнан астам тарихи-мәдени маңызы бар жерлер нақтыланып, 250 республикалық, 10 нысан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына еніп отыр. Демеуші, меценаттар киелі жерлерімізді ретке келтіруге атсалысып келеді. «Рухани жаңғыру» саяси, әлеуметтік, экономикалық - барлық саланы қамтитын, рухани тірегімізге айналған бағдарлама. Барлық құрылымдарды біріктіреді», -деді Дархан Мыңбай.
Сондай ақ, форумда ҚР АҚДМ Рухани жаңғыру бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Ұлықбек Тналиев «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізгі бағыттары мен міндеттерін таныстырды. Және Ұлттық жобаны тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін Үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қауымдастықтардың өңірлік жобалық кеңселерімен бірлесіп жұмыс істеудің маңызына тоқталды.
ҚР АҚДМ Рухани жаңғыру бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Ұлықбек Тналиев: «Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобалар қашан да ұтымды. «Рухани жаңғырудағы 5 жылда жетістіктер жетерлік. Ендігі бастама «Рухани жаңғыру» құндылықтарын одан ары ілгерілетуді көздейді. Яғни, жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт дәстүрді насихаттау арқылы- қоғамның мәдени денгейін, талғамын және рухын көтеру».
Пікірталас алаңында Өңірлік жобалық кеңселер мен азаматтық қоғамдастықтың байланысы, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Зәуре Оралбаева тоқталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүйелеу , оны іске асырудың 3 бағыты бекітілген. Соның бірі - үшінші бағыт – «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы». Революциялық емес, эволюциялық даму. Іс-шаралардың 35 пайызға жуығы қоғамдық бірлестіктермен, яғни ҮЕҰ-мен бірлесе атқарылатын жобалар. Өңірлік жобалық кеңсесінің Сарапшылық кеңесінің құрамында да жергілікті ҮЕҰ-ның жетекшілері бар», - деді Зәуре Абдухамитқызы.