Қоғам

«Құдай бізді кешірсін»: Тоңазытқыштағы сәбидің өліміне қатысты сот үкімі шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атырау қаласында орын алған тоңазытқыштағы сәбидің өліміне қатысты сот үкімі шықты.

Перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ, акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН және акушер Жәмилә ҚҰЛБАТЫРОВА тергеу абақтысынан колонияға ауыстырылды. 

Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржан Орал қаласындағы қатаң режимдегі колонияға ауыстырылды. Атышулы іс бойынша тағы бір айыпталушы Жәмилә Құлбатырова жазасын Алмагүл ықшам аудандағы әйелдер колониясында өтейтін болды. Неонатолог дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАМБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА пробация қызметінің бақылауына алынды, - деп жазады АқЖАйық.

Еске салсақ, перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан және акушер Жәмилә Құлбатырова алдын ала сөз байласу арқылы жаңа туған нәрестені өлтіруге кінәлі деп танылып, тиісінше 18, 16 және 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал дәрігер-неонатологтар Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын өтейді

Оқиға қалай болды?

2019 жылдың 29 қыркүйегінде Атырау перинаталдық орталығында дүниеге келген нәресте қимылсыз жатқандықтан, дәрігерлер сәбиді өлі туды деп тіркеген. Әйтсе де, сәбиді тоңазытқыш камераға апарған кезде аяғы қимылдай бастаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, дәрігерлер құжатты түзетпеу үшін оны тоңазытқышта қалдыруға шешім қабылдаған.

Куәгер ретінде жауап берген перинаталдық орталықтың санитары Светлана Козлова сотқа қайта шақыртылып, бұл жолы сәбидің тірі болғанын көргенін айтты. Ол сол кезде баланың тірі екенін айтқанымен, неліктен жансақтау бөліміне апарылмағанын сұрамаған екен. Нәресте есік тұсқа қарап қол-аяғы қимылдап жатыпты.

Сотталушы Қуаныш Нысанбаевтың «нәрестенің тірі екенін сағат жетіде білсеңіз, екі жарым сағат бойы оның өмірін құтқармай, не істедіңіз?» деген сұрағына Светлана Козлова бұл оның қолында емес, неонатолог дәрігерлер құтқарады деп ойлағанын айтты.

Сотта тергеуші Асқарбек Ермұқашев дәрігерлердің телефон арқылы сөйлескен стенограммасы бар екенін айтқан.

Филологиялық сараптаманың қорытындысы да жасалды. Сонда дәрігерлердің бір-бірімен кеңесіп, баланың тағдырын шешкені анық байқалады. Әңгіменің стенограммасында «Құдай бізді кешірсін» деген сөздер бар.