Bugin
Азық-түлік бағасы қалай өзгеріп жатыр? Қазақстанда жұмыртқа неге қымбаттады? Маңғыстау облысында малдың қырылуына кім жауапты? Қазақстанның азық-түлік нарығында ірі экспорттаушы болуына не кедергі? Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев жауап берді. Бұл туралы Bugin.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, дүниежүзінде азық-түлік қымбаттап жатыр. ФАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мәліметі бойынша азық-түліктің әлемдік бағасы орта есеппен 33 пайызға өскен. Министр бұған екі негізгі себеп бар екенін айтты. Біріншісі – ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті тауарлық-материалдық ресурстардың қымбаттауы. Екіншісі – шекаралардың жабылуына және дүниежүзінде қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстардың бұзылуына әкеп соққан қазіргі пандемия жағдайы.
Ол жұмыртқа бағасының өсуі туралы айта отырып, ауыл шаруашылығы үшін биыл бұрын-соңды болмаған қуаңшылық қиындық тудырғанына тоқталды. Астық бағасы тоннасына 88 мыңнан 125 мың теңгеге дейін өскен. Бұл жұмыртқа құнының 70 пайызы. Құс шаруашылығына қажетті барлық басқа ресурстар, вакциналар қымбаттады. Бұл жұмыртқа бағасына әсер етпей қоймайды. Ауылшаруашылық өнеркәсіптің барлық саласында қымбаттау байқалады.
- "Әрбір өндіруші сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылуы керек. Әйтпесе, ашық шекара жағдайында, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық аясында біздің өндірушілер бәсекеге төтеп бере алмай, ішкі азық-түлік нарығынан ығыстырылу қаупіне ұшырауы мүмкін. Негізгі жауап бүкіл тізбектің қымбаттауында жатыр. Биыл ауыр жыл болды, өзіндік құн өсіп жатыр, азық-түлік өндірушілер, ауылшаруашылық тауар өндірушілер де ақша табуы керек", - деді министр.