Bugin
«Қазақстан атом электр станциялары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында еліміз үшін АЭС-тің қай моделі ең қолайлы, болашақта АЭС Қазақстанның қай өңірінде орналасуы тиіс сынды сұрақтарға қатысты өз ойын білдірді. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
- Біріншіден, Қазақстанда базалық қуаттарды дамыту, екіншіден, генерацияларды әртараптандыру қажет, өйткені қазіргі уақытта елде көмір генерациясы басым. Мен түсіндіремін: елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін генерацияны толығымен әртараптандыру қажет және тиісінше біз атом энергетикасын қарастырып жатырмыз, өйткені Қазақстанда уран өндіру, уран өнімін қайта өңдеу және ядролық отын өндірісі сияқты үлкен қор бар. Яғни, мұның барлығы Қазақстанның өз атом станциясын салуына әкеледі, - дейді Жантикин.
Сондай-ақ ол болашақта АЭС Қазақстанның қай өңірінде орналасуы тиіс екеніне ерекше тоқталып өтті.
- Тағы бір маңызды сәт. Қазақстанның оңтүстігінде 2030 жылға қарай базалық қуат тапшылығы болжануда. Біздің бағалауымыз бойынша, шамамен 2,7 ГВт. Сәйкесінше, еліміздің оңтүстігіндегі тапшылықты жабу үшін атом электр станциясы қажет, - деп мәлімдеді «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин.
Айта кетейік, Қазақстанда АЭС-ті салу мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Сәйкес жобаны жүзеге асыруға бірнеше рет талпыныс жасалды, бірақ бұл жоспарлар ешқашан жүзеге аспады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр стансасын салу туралы шешім қаншалықты ұнамсыз болса да, бәрібір қабылдануы керек екенін мәлімдеген болатын.