Қоғам

Сот қарызы бар адамдарға жеңілдік жасауы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қарашаның басында Сенат депутаттары кейбір екінші деңгейдегі банктер жүргізіп отырған саясатқа және жеке сот орындаушыларының жұмысына наразы екенін айтып, премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған еді.

Әділет министрлігінің ақпараты бойынша сот орындаушылары 2016 жылдан бері аукцион арқылы 1 406 жылжымайтын мүлікті сатқан. 464 борышкер үйлерін өздері сатып, ақшасын қарызды жабуға салыпты.

Ал 195 борышкерді үйден шығарып жіберген. Соның ішінде 74 проценті жалғыз баспанада тұрған. Жеке мүлікті тәркілеу мәселесінде де сот орындаушылар нысананың қақ ортасында жүреді. Тәркіленген мүлікті сату барысында да шикіліктер орын алуы мүмкін.

Бұл да алдағы уақытта бақылауда болатыны сөзсіз. Электронды сауда-саттықтың қаншалықты заңды өткізілетінін тексеріп шыққан Бас прокуратура аукционға шығарылған мүліктің 78 процентін банктер сатып алғанын мәлімдеген. Сенаторлар банктерге кепілзатты сатып алу аукциондарына қатысуға тыйым салу қажет деген пікірде. Бұл да қоғам талқысынан өтуі керек тақырып.

Депутат Ләззат Сүлеймен жоғарыдағы мәселелерге баға беріп, үкімет басшысына өз ұсыныстарын айтқан-ды. «Осыған байланысты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау үшін бірнеше ұсынысымыз бар. Біріншіден, борышкер келісімшарт талаптарын орындай алмаса, қаржылық жағдайы жақсарғанша қарызды төлеу мерзімін шегерудің ыңғайлы мүмкіндігін беру мәселесін қарастырған жөн.

Екіншіден, кепілге салынған мүлікті бағалау кезінде инфляция деңгейін ескеру керек. Үшіншіден, жалғыз баспанадан шығарылатын азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесін реттеу қажет. Төртіншіден, кепілге салынған мүлікті пайдалану құқығын сақтау мен жалдамалы баспана беруді қарастырған дұрыс», – деген депутат заңнаманы жетілдіру жөнінде шара қабылдауды ұсынды.

Не де болса, сең қозғалғанға ұқсайды. Бұған дейінгі сот жүйесін жетілдіру үшін жасалған реформалар аз емес еді. Дәл осы мәселе шешімін тапса, сот жүйесіне деген халықтың көзқарасы да жақсара түсері сөзсіз.

 

Дереккөз: nege.kz