Weekend

Мағынасыз әндерін "жетістік" санайтын әншілер неге көбейіп кетті?

Бүгінгі мәселе - ертең дерт

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақтың сайын даласы тек тағылымды тарихқа ғана тұнып тұрған жоқ. Әлемге көрсетуге лайық қаншама байлығымыз бар. Көне заманнан бері қалыптасқан қазақтың ән мен күйі – ұлтымыздың бекзат болмысы, асыл қазынасы. Көңіл сырын шертер халық әндері мен ұлттық аспаптарымызбен сүйемелденген дәстүрлі әуендер – осының бірден бір дәлелі.

Ұлы даланың төрінде қаншама әуен шырқалды. Бірқатары қазақ аруларына арналса, ендігі бір жырлар батыр ұлдарымызды келер ұрпаққа үлгі етті. Қандай тақырып болмасын, халқымыз өзіндік ұйқаспен, ерекше әуенмен мәңгілік ескірмейтін бай мұра қалдырып кетті.

Талай ғасыр сүзгісінен өтіп келе жатқан дәстүрлі әуендеріміздің қазіргі заманауи музыкадан орындаушылық, әуендік, құрылымдық жағынан бірқатар айырмашылықтары бар екендігі бізге мәлім. Құлаққа түрпідей тиетін кейбір заманауи әндерді тыңдаған сәтте, сол ойсыраған айырмашылықтың орнын байқайсың.

Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық дәстүрлі ән бар көрінеді. Заманауи әндердің саны бұл көрсеткіштен де асып түсер, дегенменде сапасы жағынан әлдеқайда артта қалып қояры мәлім дүние.

Сапаға емес санға арналған әуендерді күнделікті құлағымыз естіп жүр. Тіпті арнайы іздеудің де қажеті шамалы, себебі, ол әндерді кез келген жерден тыңдай аламыз. Кезіндегі рух көтерер әуендер мен әсемділікті орынды жырлаған  әндердің орнын – сөз астарында айтарлықтай мағынасы жоқ кейбір әуендер алмастырған. Соған қарағанда, «әу демейтін қазақ жоқ» деген сөзді ән шырқаушылар өздерінше түсініп жүрген сияқты.

Ұмыт қайғының бәрін
Болсын көзіңде жалын
Әуеніңді келеді және тыңдағым
Сен үшін бағым
Тағыда айтшы мен үшін жаным өзің
Махаббат сөзін...

Бұл ән жолдары қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі – Кәмшат Жолдыбаеваның «Тағы да сүй» әніне тиесілі. Өлең жолдарындағы грамматикалық орын ауыстыруды сіздер де байқаған боларсыздар. Ұйқас үшін сөздерді қалай болса солай қолдану – жас әншілер жеткен «жетістік» болды.

Қызыңызды алам апа, апа
Күйеу бала болам сізге апа

Қызыңызды сүйем апа, апа

Жасы өтті үйде жата, жата, -

Бұл өлең жолдары жас әнші Рұслан Сатеновқа тиесілі. Өлең тармақтарына қарағанда тағы да оңай танылудың жолын іздеген әнші. Қазақтың бай лексикалық қоры орнымен пайдаланылмай жатқаны өкінішті-ақ.

Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда көп әнші әннің сөзін де, әнін де өздері жазады екен. Иә, тумысынан ән әлеміне құштарлығы мен махаббаты бар өнер иелері көп. Ал, «ерік өзімдікі» деп қалаған әнін айтып жүргендердің ісін кім ақтайды? Сол әндердің халық талғамына келісіп жатқандығана қарағанда, кінәнің бәрін орындаушыларға жағу да орынсыз.

БОЛАТ ЖЕТЕКБАЙ, ақын:

– Әншілердің өзінің таңдауы әннің сөздері сол адамдардың өздеріне лайық сияқты. Бұл әншілер белгілі бір мақсатпен осы әндерді шығарады. Негізінде той-бизнес. Жұртты билету керек.

Айтылған сөзге келіспеске амал жоқ. Сол әндерге билеп жүрген жұрт ән мағынасын санасына қабылдамайтын сынды. Әркім өзі дұрыс таңдау жасай алмаса, бүтіндей бір  қоғам қалай дұрыс бағытқа бұрыла алмақ?

Біз жаспыз... Өз дәуірімізге қосатын тың жаңалықтарымыз да әлі алда. Алайда, бұл – атa-бабамыз қалыптастырған дүниеден қол үземіз деген сөз емес. Керісінше, ескі мен жаңаны тоғыстырып, алтын ортасын табуымыз қажет. Дәстүрлі ән – эстетикалық тәрбиенің үлгісі. Қазіргі заманауи әндерімізді де  осы жоғарғы деңгейге жеткізуіміз міндет. Бүгін ғана бүршігін жарған мәселе ертең-ақ ауқымды «дертке» айналуы мүмкін. Сол себепті, ұлт тәрбиесіне әсер етуі мүмкін кез - келген дүниеге қажетті көңілді бөлейік!