Weekend

Сағыныш және кешірім xаты

Кінәлі екенмін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бала күнімнің қаһарманы едіңіз. Одан бері де дәл солай. Сізді көргенде қуанып, бір марқайып қаламын. Өзіңізге деген сыйластығым, құрметім, сүйіспеншілігім ерекше. Неге екенін білесіз бе? Кішкентай кезімнен қазақылыққа баулыдыңыз, әсіресе жеті ата, ру әңгімесіне ерекше қарайтыныңыз мені тәнті етті. "Кім найман?", "Кім тоғым?" деп бастайтынсыз әр нәрсені. Мен де осы сөзді естігенде "Меееееен" деп екі қолымды көтеріп, бар дауысыммен айғайлап, менен күшті, менен мықты адам жоқтай сезімде болатынмын. 

Әлі есімде, су жаңа велосипедпен көшеде жүргенімде өзгелер қызыға қарайтын, мақтаныш сезімі бойымды билейтін. Өзгелер қызыққан соң емес, айтылған сөз атылған оқпен тең екенін дәлелдеп, уәдеңізді орындағаныңыз үшін. "Велосипед әперемін" дегеніңізді білемін, бірақ уақыт өте ұмытып кеткенімде көңіліме үлкен қуаныш сыйлаған сәт еді. 

Әкемнің екі ағасы, сіздер қос бәйтерегімдей болдыңыздар. Үлкен ағасының орны бір төбе, бір ауылда тұрғаннан қашан да жанымызда болды, отбасымыздың мүшесі секілді. Ал сіз бен біздің арамызда 700 километр қашықтық. Сағынышпен қауышатын сіздің орныңыз бір төбе. 

Айтқанынан қайтпайтын қасиетіңіз маған жұққан. Бірақ, қайсарлығыңыз менде болмағаны өкінішті. 

Өмірде Алла сүйген құлдарына сынақ береді дейді емес пе? Сіздегі қазіргі жағдайдың барлығы жаратушының қайсар жанға берген сынағы екені сөзсіз. Білесіз бе, сіз ауырғалы бері, сіз жаққа бармадым. Басында уақыттың тапшылығы деп сылтау айтып, өзгеден бұрын өзімді сендірдім. Кейіннен сіз жаққа ат басын бұруға жүрегім дауаламайтынын мойындадым. Телефонмен де жағдайыңызды білгенде жүрегім жарылардай өзегім өртенді. Қанша оқталсам да бара алмадым... 

Қорықтым, қорқамын. Бала күнімнен көріп өскен мықты, өр мінезді, мойымайтын тұлғамның қажығанын, әлсіреп, дәрменсіз күйін көруден қорқамын. Тәңірден амандығыңызды, саулығыңызды, аяққа тік тұрып, барлығымызға бас болуыңызды үнемі тілеймін. Кейде дәл бұрынғыдай мойныңызға асылып, мен үшін қандай қымбат екеніңізді айтқым келеді. Қатты қысып құшақтап, еркелеткеніңізді сағындым. Нұрлы жүзіңізді көрмегеніме де қаншама уақыт өтті. Бірақ мен білемін, күрескерлік пен қайсарлығыңыздың арқасында сіз бәрін жеңесіз. Оған ешкімнің, ешкімнің күмәні жоқ. 


Сізге ұқсамаған қорқақтығым үшін кешіріңізші, ата!