Редактор бағаны
Ұлы Дала елі
Менің дүниеге келіп, ана сүтімен сусындап, болашағым өтер мекен- Қазақстан. Туған топырағымның төл тарихы тереңде. Еуразияның кіндігіндегі көшпелілер тағдыры өткен бұл мекен әр қазақстандық үшін жұмақпен пара-пар деп білемін. Сананы ой тұңғиығына батырып, азды-көпті өткенді сараласам, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағының бүгінге дейін ұмыт болмағанын байқаймын.
Даму дәрежесі алдыңғы қатардағы мемлекеттермен иық тіресіп, ғұмыр кешіп отырған Қазақстанның бүгінгі мұраты "Мәңгілік ел" болу. Осыдан XIII ғасыр бұрын Тоныкөк абыз: "Түркі жұртының мұраты - Мәңгілік ел" деп пайымды өсиет қалдырған. Ғасырлар толқындарымен шендесіп келген бұл сөз жаңа заманның боямасыз шындығына айналып отыр. Оны Елбасы жария еткен 2015 жылға арнаған Жолдауында айқын көрсетіп берді: "Біз - Жалпыұлттық идеямыз - мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдырдық!" Ата-баба тізгінін сарқыттай сақтап келе жатқан Елбасының бұл Жолдауы біздің адаспайтын жолымыз, айқын да ашық бағдарымыз десем артық айтпағаным. Көк жүзімен астасқан көк байрақ астында 130-дан астам ұлт өкілін бауырына басқан бұл тұлға еліне саналы түрде басым бағыт беріп отыр.
Еліміздің арыстары талай жылдар жанын шүберекке түйіп, тар жол тайғақ кеше жүріп, халық болашағы үшін төккен терінің нәтижесі - Тәуелсіздік туының астында бас қосқан бірлігі мол Қазақ елі. Күні кеше Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойын бүкіл қазақ даласы дүбірлете тойлады. Бүгінгі күн талай нәубетті күндер мен тізеден қан кешкен түндердің заңды нәтижесі.
Кең далада жел жетпес жүйрік мініп дағдыланған кешегі ата-баба ерлігі мен келешек үшін мәңгілікке қалаған кірпіштерін құлатпай, сол қалпында сақтау бүгінгі ұрпақтың еншісінде...