Қоғам
Сәуле Омарова АҚШ қаржы министрлігінде банктердің реттеушісі қызметінен бас тартты. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
Tengrinews.kz мәліметінше, Қазақстанның Орал қаласында дүниеге келген Омарова сенатта оның кандидатурасын бекіту кезінде қарсылыққа тап болды. Жергілікті БАҚ ақпаратына сәйкес, ол жеткілікті дауыс жинай алмаған.
«Сәуле Омарованың валютаны бақылау басқармасының басшысы лауазымына ұсынылған кандидатурасын қайтарып алу туралы өтінішін қабылдадым» - деді АҚШ президенті Джо Байден.
Сәуле Омарова – Қазақстанның тумасы. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 1989 жылғы түлегі. Үздік оқығаны үшін Лениндік шәкіртақының иегері атанған. 1991 жылы студенттер алмасу бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға кетіп, сонда біржолата қалып қойған. Жоғары білім алуды алыстағы Америкада жалғастырып, 1999 жылы Мадисондағы Висконсин мемлекеттік зерттеу университетін аяқтады, 2001 жылы Солтүстік-Батыс университетінде құқықтану докторы дәрежесін алды.
Қандасымыз алты жыл Davis Polk & Wardwell заңгерлік фирмасында жұмыс істеп, біліктілігін шыңдады. 2006-2007 жылдары Джордж Буш тұсында АҚШ Қаржы министрлігінің реттеуші саясат жөніндегі арнайы кеңесшісі болды. 2014 жылдан бері АҚШ-тың ең ірі және беделді университеттерінің бірі – Корнелл университетінің заң факультетінде профессор қызметін атқарып келеді. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік біледі.