Редактор бағаны

Адастырмаған арман

Армандар орындалады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Арман-адамның адастырмас досы, һәм өмір жолындағы мызғымас тірегі.Арманы бар жандар-өмірдің түрлі қалтарысынан қаймықпай өтіп,сын сағаттарда сағы сынбай,кемел келешекке аяқ басу жолында мығым  қадамдар жасай білуге қабілетті.Кез келген жұмыр басты пенденің жүрек түкпірінде өмір сүруге жетелейтін арман дейтін асыл қасиет ғұмыр кешеді. 

Менің де қазіргі өмір сүріп жүрген ортам,білім алып жатқан киелі қара шаңырақ, барлығы дерлік арман атты жетелеушінің жарқын нәтижесі.Мектеп табалдырығын аттар алдында әкемнің маған қойған үлкен талаптарының басым бөлігі білім мен адам болу тұрғысында болды. Дегенмен,балалықтың бал дәмінен қоштаса алмаған бала көңіл ол сөздердің құндылығын кейін ұқты. Ес біліп етек жеңімді жиған сәтте ғана білімнің адам өмірі үшін маңыздылығын жете түсіндім.Сол сәтте менде де болашағымның бағдарын бағамдайтын арман дүниеге келді.Ол кезде орындалмайтын сағымдай болған арман бүгінде өз мінберіне мінген. Жұдырықтай жүректе орын алған арманым-таулары аспанмен астасқан ару Алматыда орналасқан төл тарихты бойына сіңірген қарт ҚазҰУ-дың студенті атану болды.Алғаш осы университет табалдырығын аттаған сәтте әкемнің бұл оқу орнына көңілі толғандығын байқадым.Әкем бұл орданың ұстаздары мен түрлі салада студенттердің білімін жетілдіретінін айтқан болатын.Және оқу орнының «Ұлттық» деген атқа ие болуының өзі үлкен мәртебе екендігіне назар аударды.Әкемнің көңілінен шыққан бұл жетістіктерге менің қазір көзім жетіп отыр. Бүгінде,қасиетті қара шаңырақтың журналистика факультетінде білім алып,бір кездері көрудің өзін арман еткен оқытушылардан дәріс алып жүргенімнің барлығы мақсатқа жету жолында бағындырған белесім деп білемін. Мақсаттың шынайылыққа айналуы ерен еңбек пен темірдей талаптың заңды нәтижесі.

Қазақ бұқарасынан қайнап шыққан  құрыш болаттарды қанаттандырған орданың менің арманыма айналуы таңқаларлық жайт емес. Менің ойымша,алыс армандарға талпыныс жасап, ертеңгі болашақтың баспалдақтарын қалай бастаған жеткіншектер үкілеген үміттерін арқалап осыуниверситет табалдырығын имене,көңілдерін күдік пен қорқыныш билеп аттайды.Бойларын үрей билеген,тарыдай болып үлкен жетістіктергеталпынып келген жастарды қолтығынан демеп,таланты мен талабы арқасында тау тұлғаға айналдыру жолында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті аянбай тер төгеді.Есімдері руханият тарихнамасына алтын әріптермен жазылған ұлағатты ұстаздар қауымы білікті де,білгір маман даярлап қана қоймай, әр маманның бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіруге баса назар аударады.

« Әркім өзі талпынбақ, 

Басына бітер бағы үшін» - дейді Ақтамберді жырау.  Ұлы ғұламалардан тәлім алып, даналыққа тәрбиеленген ұстаздарымыздың әр айтқан сөздері мен тәмсілдерін санама орнықтыруға тырысып келемін. Ұлы көштің құрамына қосылу менің асқақ армандарымның тұғырлысы. Ғ. Мұстафин атамыз

«Арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар» деп бекер айтпаса керек. 

Сонымен қатар, жаратқан берген ғұмыр жолында өз дара жолымды салып, Шерхан Мұртаза сынды «Құмға құлап  аунағанымды емес, Жалын болып лаулағанымды»  айтқым келеді, азға айналмайтын, зордан зорға, артықтан- артыққа ұмтылатын жігерлі де талантты журналист атанғым келеді. « Жол азабын журналист көреді». Журналист – халық қамы үшін қара басын бәйгеге қоя алатын жан болуы тиіс. Оларды сол үшін де «арқалағаны- алтын, жегені-тікен» деп айтатын болар. Сонымен қатар, «Ұшарын жел, қонарын жер білмейді» деген тәмсіл де асыл сөздің тізгінін ұстап жүргендерге арналан ау шамасы. 

Мәдениет пен әдебиетті қатар ала жүріп, ел жүрегіне жылы сөздерімен қисынды әңгімелерімен жол тапқан  төртінші билік өкілдері өмірдің ащы шындығының сынын бұзбай, сөз өрнектерімен кестелеп, ел көкейіне жеткізеді. Қоғамда болып жатқан жайттар, өзге елдегі жаңалықтар, текетірестер мен өзгерістер, күнкөрістер мәселесі олардың назарынан еш тыс қалған емес. Осы үшін де бұл мамандыққа деген махаббатым  күн санап артпаса кеміген емес.

Әл – Фараби атамыз «адам арманына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» дейді. Арман жолымда қиындыққа мойымай,  әр күн сайын қанаттанып, жаңалықтарға құштар болып, өзімді –өзім жетілдіре түспекпін.  Шыншыл мінезіммен  алмас қылыштай сөз сөйлеп, елдің мұң- мұқтажын жеткізу менің басты мақсатым!