Bugin
Қазақстанның болашақ цифрлық трансформациясымен «Сбер» компаниялар тобы айналысады. Ал стратегиялық әріптес ретінде бағдарламалық қамтамасыз етудің қазақстандық әзірлеушісі – «BTS Digital» ЖШС айқындалған. Бұл компания Eurasian Resources Group (ERG) еншілес құрылымы. ERG болса ресейлік қаржы конгломераты – «Сбербанк» ЖАҚ алдында қарыз. Ресейдегі ең ірі әмбебап банктегі тау-кен металлургия компаниясының несиесі мен Қазақстанды цифрландыру жоспары арасында байланыс бар ма?
Ашық көздерден алынған ақпарат бойынша «Сбербанк» ЖАҚ ERG-ге 2012 жылы 6,3% мөлшерлемемен 2 млрд АҚШ долларын, ал ВТБ кипрлық еншілес ұйымы - 2011 жылы 6,1% мөлшерлемемен 1 млрд АҚШ долларын (2014 жылы қарыз 7,5% мөлшерлемесімен қайта қаржыландырылды) бергені белгілі болып отыр. Түрлі уақытта ERG «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-дан (500 млн доллар), «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-дан (400 млн доллар) қарыз алып, The Bank of Tokyo (500 млн доллар) арқылы синдикатталған кредит тартты. 2013 жылы компания несиені пайдаланғаны үшін 347 миллион доллар төледі. ERG-дің 2013 жылғы есебінде ERC-дің жалпы қарызы 6,2 млрд доллар болғандығы айтылған. Бұл ретте ERG-дің 2016-2017 жылдары ресейлік банктерге берген несиелері бойынша төлемдері 200 млн долларға дейін төмендеді.
Айта кетейік, 2011-2012 жылдары ресейлік несиелерге ERG көмір және металлургия активтерін белсенді сатып алып, бір бөлігін 2013 жылы Лондон биржасынан миноритарийлерден кері сатып алуға жұмсады (делистингке дейін компания «Eurasian Natural Resources Corporation» деп аталды).
2016 жылғы жағдай бойынша ERG негізгі кредиторларға – «Банк ВТБ» ЖАҚ пен «Сбербанк» ЖАҚ қарызы 5,8 млрд долларды құрады. 2016 жылдың жазында таратылған тау-кен металлургия компаниясының баспасөз хабарламасында ERG «ВТБ» және «Сбербанкпен» 2020 жылға дейін кредиттерді қайта қаржыландыру туралы уағдаласқаны туралы жазылған болатын. Осылайша, жалпы қарыздың көп бөлігін өтеу мерзімі кейінге қалдырылды. Бұл ретте компания тобының кредитті қандай мөлшерлеме бойынша қайта құрылымдағаны белгісіз еді.
2018 жылғы ақпанда Reuters банк дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, холдинг ресейлік «ВТБ» және «Сбербанкпен» алдындағы қарызын 5,8 миллиард доллардан астам сомаға оңтайландыру мақсатында листинг үшін феррохромдық және энергетикалық активтерді бөлуі мүмкіндігін хабарлады. Reuters банк дереккөздерінің бірі ERG акционерлік капиталға бөлінген активтердің үлесін 20%-ға дейін қытайлық немесе жапондық инвесторларды тарта алатынын атап өтті.
2018 жылдың шілдесінде ERG 350 млн доллардан астам сомаға жаңа ұзақ мерзімді банктік несие алды. Тамыз айында Moody ' s халықаралық рейтинг агенттігі ERG-дің борыштық жүктемесі 7,8 млрд долларды құрағанын хабарлады. Таза қарыздың негізгі EBITDA-ға қатынасы 2017 жылы 3,39 болды. Бұл 2016 жылғы 4,77-ден аз деп жазды қыркүйек айында Inbusiness.kz.
- «Осылайша, 2017 жылдың соңына қарай ERG-дің борыштық жүктемесі 7 млрд доллардан асты деп болжау қисынға келеді», - делінген хабарламада.
ERG МИНУСҚА КЕТТІ
2019 жылғы желтоқсанда S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі ERG рейтингтерін «В-» деңгейіне дейін төмендетті, болжам – «теріс» (алдыңғы «B», болжам – «оң»). S&P сарапшылары атап өтті:
- «ERG-дің екі негізгі несие беруші банкі (Сбербанк пен Банк ВТБ) компанияға ағымдағы қолдау көрсетуде. Алайда, егер ERG-дің операциялық қызметінің көрсеткіштері төмен болып қала берсе, әсіресе, егер компания еркін ақша ағымының елеулі теріс шамасын генерациялай бастаса, банктердің ERG-ге қатысты бейілділігі төмендеуі мүмкін және бұл жағдайда дефолттың неғұрлым нақты сценарийлері пайда болуы ықтимал».
Сондай-ақ, S&P хабарлағандай, «ERG бұрынғысынша қарыздың жоғары абсолюттік мәнімен (есептілікке сәйкес 8,4 млрд доллар) сипатталады, оны компания ағымдағы жағдайларда айтарлықтай қысқартуға қабілетсіз».
Сарапшылардың пікірінше, жоғары борыштық жүктеме рейтингтің төмендеуінің негізгі факторларының бірі болды: FFO/компанияның қарызы қатынасы 8,4 млрд доллардың абсолютті мәні кезінде 6-11% деңгейінде.
ERG «2019 жылғы орнықты даму жөніндегі есебінде» Сбербанкпен 700 млн АҚШ доллары сомасына қайта қаржыландыру туралы келісім жасағанын, сондай-ақ басқа кредиторлардан қосымша қаржыландыру ретінде 300 млн АҚШ долларына дейін алғанын хабарлады. Бұл ретте 2019 жылы ВТБ 2022 жылға дейін 3 млрд доллар мөлшеріндегі берешекті өтеу мерзімін ұзартуға келісті.
ERG «2020 жылғы орнықты даму жөніндегі есебінде» уағдаластықтарға қол жеткізу арқылы өзінің борыштық ұстанымын және өтімділіктің жалпы бейінін жақсартқанын хабарлады:
«ВТБ Банкімен» (ПАО) және «Ресей Сбербанкімен» кейбір қолданыстағы кредиттік келісімдер бойынша өтеу кестелерін қайта қарау туралы;
екі банкпен де борыштық міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету туралы (борыштық міндеттемелерге қызмет көрсетуге арналған жиынтық шығыстар жылына 0,8%-дан астамға қысқарды);
«Банк ВТБ» алдындағы борыштық міндеттемелерді өтеу мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту туралы.
СӘЙКЕСТІК ПЕ, ЖОҚ ПА?
Сондай-ақ, тау-кен металлургия компаниясы негізгі кредитормен, яғни «Сбербанкпен» оның ESG-критерийлерін кредиттеу процестеріне интеграциялау бойынша жұмысы шеңберінде сындарлы ынтымақтастық жасайтынын хабарлады.
- «2021 жылдың бірінші жартысында ERG мен SberCIB («Сбербанктің» еншілес компаниясы) «жасыл» қаржыландыру құралдары мен тиісті мақсатты көрсеткіштерді қоса алғанда, тау-кен металлургия саласына арналған ESG стандарттарын әзірлеу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды», – делінген есепте.
Осы орайда, ҚР Үкіметі мен «Сбер» компаниялар тобы арасында жасалған Қазақстан Республикасының цифрлық трансформациясы, цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумда ресейлік банктің стратегиялық серіктесі ретінде қазақстандық бағдарламалық қамтылым әзірлеушісі – ERG-дің еншілес компаниясы болып табылатын «BTS Digital» ЖШС айқындалды. ERG иелері – белгілі олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимов. Қарапайым сәйкестік пе, жоқ па?
Ресейлік «Сбербанк» ERG-дің негізгі кредиторы болып табылатынын және тау-кен металлургия компаниясы өзінің кредиторларына қомақты сома – миллиардтаған доллар қарыз екенін ескерсек... Қарызды, халық даналығында айтылғандай, күліп алып, жылап береді емес пе?!
ERG тарапына несие беруші (немесе несие берушілер) қарызды төлеу орнына активті (немесе активтерді) беру шартын (немесе шарттарын) қоюы мүмкін бе? Немесе ERG несие берушіге (немесе несие берушілерге) осындай әдіс ұсынды ма? Бүгінгі таңда Eurasian Resources Group табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі екенін түсіну керек. Еуразиялық топ Қазақстан аумағындағы ERG-дің мынадай өндірістік активтерін басқаруды жүзеге асырады: «Қазхром ТҰК», «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», «Еуроазиялық энергетикалық корпорация», «Шұбаркөл Көмір», «ТрансКом» ЖШС, «3-Энергоорталық», ERG Service және басқалары. Басқаларының қатарында 2018 жылы құрылған, жеке ұйымдар мен мемлекеттік сектор ынтымақтасатын, цифрлық өнімдер мен сервистерді әзірлеумен айналысатын «BTS Digital» ЖШС бар.
Егер мұны елестеткеннің өзінде, өндірістік және негізгі емес активтер арасында таңдау болуы мүмкін. Шынында да, қарыздың орнына пайдалы активті бере салмайды ғой. Қарызды төлеуге, мысалы, әлемдегі ең ірі жоғары көміртекті феррохром өндірушісі «Қазхром ТҰК» жүретіні қисынсыз екені даусыз. Бұл тұста «BTS Digital» ЖШС-ні кәдеге жаратса қане?
МУСИН БІЛДІ МЕ?
Бірден ерекше атап өтейік: жоғарыда айтылғандардың бәрі – мүмкін, болжамды нұсқа, анық көз жеткен дүние емес. Өйткені мәселенің шынайы астарын іске білек сыбана атсалысқандар ғана білетіні аян. Егер жоғарыда келтірген нұсқаның негізі болса, онда ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қайда қарады, Қазақстанның цифрлық трансформациясы туралы мәселе қашан шешілді? Бір жылдан астам уақыт бұрын, 2020 жылдың қараша айында, Қаржы министрлігінің басшысы «Сбердің» тәжірибесі туралы оң пікір білдіргені есте. Неліктен таңдау дәл «Сберге» мен «BTS Digital» ЖШС-ге түсті? Саясаттанушы Азаматхан Әміртай болса, «BTS Digital» ЖШС Ресеймен ұзақ уақыттан бері тығыз қарым-қатынас орнатқан дегенге сенімді. Министр ERG-дің «Сбербанк» алдында үлкен қарызы бар екенін білді ме?
Бағдат Мусин ел азаматтарына мәселені басынан бастап ашық және түсінікті түсіндіруі керек пе еді? Иә деп ойлаймыз. Елімізде енгізу жоспарланып отырған «Сбердің» GovTech цифрлық платформасының Қазақстанда баламасы жоқ және оны таяу жылдары жасай алмайды делік. Бірақ мұндай маңызды мәселелер бойынша келіссөздер бір-екі күн емес, әлдеқайда көп жүреді ғой. Егер солай болса, онда министр кем дегенде бір жыл ішінде азаматтарға, ел жұртшылығына Қазақстанның цифрлық трансформациясына ресейлік «Сберді» тарту мүмкіндігін егжей-тегжейлі және ашық түсіндіруге тиіс еді. Алайда, бұл болмады, жай ғана министрдің аталмыш таңдауды ақтауға деген түсініксіз, сенімсіз әрекеті аңғарылды. Бәлкім бұл Бағдат Мусиннің қоғаммен қарым-қатынас жасаудағы толық сәтсіздікке ұшырағанын көрсете ме?
- «ERG қарыз орнына қандай да бір активтерді айырбастауы екіталай. Қазіргі дағдарыс кезеңінде үлкен қарызда болу қалыпты жағдай. Алайда BTS-ті стратегиялық әріптес ретінде таңдау жағы түсініксіз, өйткені оны «Сбер» емес, «Сберден» ақша алып, платформаны сатып алатын Қазақстан үкіметі таңдауы тиіс қой. Бағдат Мусиннің нақты не білетінін түсіну қиын, бірақ бұл кездейсоқтық-мыс ерекше болып тұр», – деді экономист Расул Рысмамбетов.
дереккөз: Ulysmedia.kz