Редактор бағаны

Санда да, салықта да жоқ

Көрінбейтін көліктер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Біздің қоғамда шешілмеген түйткіл көп. Заң солқылдақ. Парақорлық пен пәлеқорлық та өршіп тұр. «Закон кілті қолымда болса…» деп Абайша күйінеміз. Бірақ, қайран жоқ. Қайран болмайтыны заңсыздық қайыру бермей тұр. Әйтпесе...

Қарағандыда кейінгі кезде Ресей, Армения, Қырғызстан секілді елдердің ені салынған көліктер көбейді. Армения мен Ресейден келген көлікті қоспағанда мыңнан аса қырғызстандық нөмірмен жүрген көліктер бар екен дейді. Бұл долбар ғана. Әйтпесе оның нақты санын кім санапты? Елде бар, есепте жоқ. Ешқайсысы тіркелмеген. Қазақстанға кірген ізі бар да шыққан ізі жоқ. Санда да, салықта да жоқ.

Қаламыздың біршама жеріне жылдамдық өлшейтін һәм тәртіпті қадағалайтын бейнебақылау қойылғаны белгілі. Солар орныққалы бері ұшқыр жүргізушілер «бақайының ұшымен» жүретін болған. Ал біз айтып отырған көліктер ше? Оларға бәрібір. Ұшты да өтті. Бейнебақылау да аянып қалмас. Айыпбұл салды делік. Бірақ, кімге? Көлік иесі Ресейде. Соған апара ма? Олай істеуге құлықты болсаңыз да құқықты емессіз. Бұл дәрменсіздіктің бірі дегейсіз.

Екіншісі мынау. «Мемлекеттік қаржы деген болмайды, мемлекетте салықшылардың қаржысы ғана бар» депті темір ханшайым атанған марқұм Маргерет Тетчер. Ия, солай. Көп түкірсе көл. Экологияны ластайтының үшін, көлігіңді гүрілдететінің үшін, сигнал басып кісінететінің үшін салық төлеуге міндеттісің. Сіз, біз, ол, олар. Ия, олар да міндетті. Бірақ төлемейді. Төлегісі келсе де төлей алмайды. Себебі санда жоқ. Санда жоққа салық салу заңда жоқ. Тағы дәрменсіздік.

Бұл мәселе неден туындап еді өзі? Ия, шетелдік көлікті тіркеу қымбаттағаннан бастап, ел осы әрекетке көшкен. Ал көлік тіркеуді неге қымбаттатты? Себеп бар. Салдар бар. Ішкі рынокты реттеу үшін, отандық көлік жасайтын зауыттарды тұралатып алмау үшін мәжбүрліктен қойылған тосқауыл. Өте дұрыс һәм керек қадам. Әр мемлекет өз мүддесін қорғауы тиіс. Бірақ… 

Өткенде біраз облыстарда санда жоқ көліктерге қарсы реид жүреді дегенді естіп едік. Айыпбұл тұрағына қойып, иесі құжаттарды реттегенше тұлпарының жалынан тартып мінбек тұрмақ, жанына да жолай алмайды делінген. Кейбір сенімді дереккөздер мұндай шара біздің өңірде де болады деп сендіреді.