Bugin
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі қызметтер көрсетіп, олардың бас қосатын орнына айналмақ. Қала әкімі Мұрат Әйтенов орталықты аралап, онда көрсетілетін қызметтермен танысып шықты.
М.Әйтеновтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Оларға мемлекеттік жәрдемақымен қоса медициналық оңалту және ем түрлері көрсетіледі. Әлеуметтік портал арқылы көмекші құралдармен толық қамтамасыз етіледі.
– Шымкент қаласында 36 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүруде. Оның ішінде 6 мыңнан астамы кәмелет жасқа толмағандар. Біз оларға өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіруміз қажет. Бұл ретте мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор. Бүгін ашылып отырған әлеуметтік қолдау орталығы аталған міндетті орындауға септігін тигізеді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы «бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет көрсетеді. Мұнда дәрігер мен психолог жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға баса назар аударылған. Сондай-ақ, бұл жерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік порталдың қызметін өз бетінше алуды үйренуіне болады.