Bugin
Шымкентте Тәуелсіздік күнінің қарсаңында бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов «GREEN CROSS ECO» компаниясының «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан инсулинді шприцтер мен оның инелерін өндіретін зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, лентасын қиды.
–Тәуелсіздік жылдарында елімізде индустриаландыру саясаты белсенді түрде жүргізіліп келеді. Шымкенттің өзінде 2 индустриалды, 1 арнайы экономикалық және 1 көлік-логистикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Қазір тағы 3 индустриалды аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгін ашылып отырған кәсіпорынның да маңызы өте зор. Бұған дейін қант диабеті бар азаматтарға қажетті инсулин шприцтері мен инелері шетелден иммортталатын еді. Енді оның орнын «GREEN CROSS ECO» компаниясы шығаратын отандық өнім алмастырып отыр. Инновациялық технологиялар негізінде жұмыс істейтін осындай кәсіпорындардың көбеюі Шымкентте біліктілігі жоғары мамандар шоғырының қалыптасуына әсер етеді, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын қызметкерлерін Тәуелсіздік күні мерекесімен және зауыттың ашылуымен құттықтады.
Шаһар басшысы Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығында осындай заманауи кәсіпорындар көптеп ашылып, Шымкент елдегі ірі өнеркәсіптік орталықтардың біріне айналатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, «GREEN CROSS ECO» компаниясының зауытын ашуға 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт жылына 60 миллион дана инсулин шприцтері мен инелерін және иммуноферментті анализдің 500 диагностикалық жиынтығын өндіре алады.
Мұнан бөлек қала әкімі «Silkway Alliance» өнеркәсіптік паркінің ашылуына да қатысты.
–Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Іскер қала» атты бағдарлама қабылдадық. Бағдарлама аясында жеке инвесторлардың есебінен осындай өнеркәсіптік парктер көптеп ашылады. Мұнда шағын кәсіпорын ашқысы келетін бизнесмендерге инженерлік-инфрақұрылым желілері тартылған дайын өндірістік ғимараттар ұсынылады. Бұл өте ыңғайлы. Кәсіпкерлер өндірістік қондырғыларын осы жерге әкеліп орнатады да, ештеңеге алаңдамай жұмыс істей береді. Бағдарлама бойынша 1-ші жылы өндірістік ғимаратты жалға алу ақысының 75 пайызы, 2-ші жылы 50 пайызы, ал, 3-ші жылы 25 пайызы бюджет есебінен субсидияланады. Оған қоса осы парктерде кәсіпорын ашқан компанияларға жылдық үстемақысы 1 пайыздық жеңілдетілген несие береміз, – деді М.Әйтенов.
Айта кетейік, жаңадан ашылып отырған өнеркәсіптік паркте 1 065 шаршы метр кеңселік, 3 583 шаршы метр өндірістік ғимараттар салынған. Жобаның екінші кезеңінде, яғни, 2023 жылға қарай тағы 8 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар іске қосылады. Әзірге мұнда 8 шағын кәсіпорын жұмысын бастады. Атап айтқанда, тұрмыстық химия, оның ішінде жуу құралдарын шығаратын цех, құрылыс индустриясына арналған түрлі қоспалар шығаратын зауыт, гидротаран өндіретін цех және өзгелері бар.
Мұнан кейін қала әкімі М.Әйтенов «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болып, «Shymkent Qagazy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қағаз және картон бұйымдар шығаратын зауытының ашылу салтанатына да қатысты.