Bugin

Қазақстан елшісі Назарбаевтың нақты қайда екенін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі Сержан Әбдікәрімов Бакуде өткен баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайда екенін айтты. Бұл туралы Bugin.kz порталы РИА Новости сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

- «Назарбаев Қазақстанның астанасында. Ол достас елдердің басшыларымен бірнеше рет телефон арқылы сөйлесті және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен тұрақты байланыста. Ол жағдайды үнемі қадағалап отырады», - деді елші.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы тәртіпсіздіктерге қатысқан лаңкестердің арасында Ауғанстан мен Таяу Шығыстан келгендер болуы мүмкін екенін айтты.

- «Қазақстан Президентінің Алматыдағы тәртіпсіздіктерге 20 мың лаңкестің қатысуы туралы мәлімдемесі шамамен алынған сан және ол өзгеретін де шығар. Антитеррорлық операция әлі аяқталған жоқ, қарулы адамдарды іздестіру және залалсыздандыру шаралары жүргізілуде. Олардың арасында Ауғанстан мен Таяу Шығыстан келгендер болуы мүмкін деген ақпарат болды», - деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Республикаға бітімгершілік контингентінің кіруі туралы айта отырып, ол бұл шешімнің негізді екенін және ҰҚШҰ жарғысына сәйкес екенін атап өтті.

- «Қазіргі таңда Қазақстанда ҰҚШҰ-ның 2,5 мыңдай бітімгері бар. Тиісті шешім қабылданған кезде Алматы қаласын бақылаудан айырылу қаупі туындады. Алматыны бақылаудан айырылу мемлекетті жоғалту дегенді білдіреді. Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті сәтсіз аяқталды. Қазақстан заңды түрде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына көмек сұрады», - деп түйіндеді сөзін Сержан Әбдікәрімов.