Bugin
ММА боксшысы Қуат Хамитов қамауға алыну себебін айтып, спорттық мансабын аяқтағанын хабарлады. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
Елде митингілер басталғанда Қуат Хамитов Instagram желісінде бір топ ер адаммен «Компас» жанармай құю бекетінде жиналған видеосын жариялап, бейбіт митингке шақырды. Ол одан кейін ешбір ақпарат жарияламады. Хамитов әлеуметтік желіде мүлде көрінбей кетті. Кейіннен желіде оның соққыға жығылған суреттері пайда бола бастады. Ал 12 қаңтар күні Хамитов Instagram желісінде сол күндердің оқиғаларын айтып берген екі видео жариялады.
- «Бәрі қалай басталды. Жігіттермен жанармай құю бекетіне жиналдық... Ешқандай затқа тиіспедік, ешнәрсе бұзған жоқпыз. Халық енді ғана жинала бастағанда, полиция, орынбасарлар, бастықтар, аудан әкімі, әкімнің орынбасары, қаланың прокуратурасы келді. Олар митингтің бейбіт өтуін бақылау үшін сол жерде болды. Митинг расында бейбіт түрде өтті, ешкім ешкімді ұрып-соққан жоқ», - дедіҚуат Хамитов.
Оның айтуынша, барлығы тыныш өтіп, ешкім зардап шекпеген. Олар азық-түлік, бензин, газ бағасына қатысты экономикалық талаптармен мемлекетке видео үндеу түсірген. Ондағы митингтен кейін Хамитов «Халық Аренаға» барып, халық алдында сөз сөйлеп, үйіне қайтқан.
- «Ол кезде интернет те, байланыс та жоқ, қолжетімсіз болдым. Бір-екі күннен кейін досым арқылы маған ҰҚК қызметкерлері қоңырау шалды... Неге қашып жүргенімді сұрады. Мен ешкімнен қашпайтынымды, интернет ұстамай тұрғандықтан байланыста жоқ екенімді хабарладым. Ал біз онымен қалада Байзақова 275а мекенжайы бойынша ҰҚК ғимаратында сағат төртте кездесеміз деп келістік. Ол мені іздемейтінін, жәй сөйлесеміндігімізді, айтты», - деді Хамитов.
Ол белгіленген мекенжайға баруға дайындала бастаған кезде тәртіп сақшылары үйге басып кіріп, күш қолдану арқылы оны ұстап әкеткен.
- «Осылайша бізді жинап алып, ішкі істер бөліміне әкелді», - деді Хамитов.
Онда оны 5-6 сағаттай ұстаған, еш айып тағылмаған. Содан кейін Хамитовты босатқан. Видеоның соңында Қуат Хамитов спорттық мансабын аяқтағанын хабарлады.
- «Соңында айтарым, мен тағы бес жыл өнер көрсетуді, өнер жолымды жалғастыруды, елдің абыройын асқақтатуды жоспарлағанмын. Бірақ осы жағдайдың барлығы орын алғандықтан, әрине, құқық қорғау органдарының қатысуынсыз мен мансабымды аяқтаймын деп шештім. Ресми түрде спорттық мансабымды аяқтаймын. Енді мен жаңа мансап, өмірімнің жаңа тарауын бастап жатырмын», - деді ол.