Bugin

Тәртіпсіздік кезінде дүкенге кетіп оралмаған зейнеткер өлі табылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде дүкенге шығып, іс-түссіз жоғалған Исын Мұхаметәлиев өлі табылды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне оның ұлы Асыл Мұхаметәлиев айтты, деп хабарлайды bugin.kz порталы.

Бұған дейін порталымызда алматылық 65 жастағы зейнеткер жоғалып кеткені туралы материал шыққан болатын. Сол кезде Исын Мұхаметәлиев 6 қаңтарда түскі уақытта дүкенге шығып, содан үйіне оралмағаны жазылған.

«Әкем 65 жаста, зейнеткер. 6 қаңтарда «Алматы Аренаның» артында, Оңғарсынова көшесінде дүкенге шыққан еді. Ол кезде әкем қалада болып жатқан жағдайды білмеді. Дүкенге барамын деп жеңіл киініп кеткен», - деген еді баласы Асыл.

Ал кеше Асылға полицейлер хабарласқан. Әкесінің денесін тауыпты.

«Tengrinews.kz порталында материал шыққаннан кейін Қаскелеңнен Айдос деген тергеуші хабарласып, әкеміз қайтыс болғанын айтып, оны тануға шақырды. Әкемнің жеке куәлігін әкелуді сұрады. Сараптама жасаған кісі сіздердің материалдарыңызды көріп, тергеушіге хабарласқан. Тергеуші мені тауып алды», - дейді ол.

Бірақ Исын Мұхаметәлиев нақты қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіз. Асылдың айтуынша, сараптамадан кейін денесіне ешқандай зақым келмегені анықталған.

«Еш жері көгермеген, жараланбаған. Жүрегі ұстап қалғаннан қайтыс болды дейді. Әкем 6 қаңтарда жақын жердегі дүкенге шыққан еді. Ал денесі «Асыл Арман» жақтағы арықтан табылыпты. Біздің үй жағымыздан алыс. Әкем нақты қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіз. Тәртіпсіздіктер болып жатқанда біреулер итермелеп алып кеткен шығар. Тергеушілер солай деді», - дейді баласы.

Исын Мұхаметәлиев бүгін жер қойнауына тапсырылды.

«Бірнеше күннен бері әлі табылмай жатса да, тірі шығар деген үмітпен жүрдік. Арамызда жоғына әлі де сене алар емеспін. Бүгін жерледік. Бірақ әлі де үйге келіп қалатын сияқты болып жүрміз», - дейді Исын Мұхаметәлиевтің баласы.