Қоғам
22 жастағы талдықорғандық Әсия Джармағамбетова - екі баланың анасы. Үлкен қызы 2 жаста болса, кішкентайы 4 айлық қана. Осы жылдың 7 қаңтарында балалы әйел террористердің қолына түседі. Әсияның жұбайы - әскери қызметтегі адам. Дәл осы сәтте күйеуі арнайы операцияда болған. Олар 80 мың теңгеге қаланың 2 шағын ауданынан екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрады, деп хабарлайды bugin.kz порталы ratel.kz сайтына сілтеме жасап.
«7 қаңтар күні 4 қабатта тұратын көршілеріміз балаларымен далада серуендеп жүрген. Олардың «террористер» деп айқайлап, қашып келе жатқанын көрдім. Бізде сыртқы есікте домофон бар. Көршілер подъезге кіргенде есік бірден жабылмай, баскесерлер ішке кіріп үлгерді. Олар барлық есіктерді қақты, алайда ешкім ашпады.
Алайда біздің есікті бұзып ішке кіре алды. Ішіндегі біреуі бізге тиіспейтінін айтты. Балалар қолымда. Олар балконнан секіріп, жерге түскісі келді, бірақ бұлай істемеді. Осы сәтте күйеуімнің достарына хабарласып үлгердім. Олар әскерилерді жіберіп, бізді құтқарып алды», - дейді Әсия.
Оның айтуынша, баскесерлер пәтердің астаң-кестеңін шығарған, тұратын жері жоқ. Сонымен қатар стресстен жас ананың емшегінен сүт те шықпай қалған.
«Пәтер иесі айлық төлемді сұрап жатыр. Оның бұзылғанына көңілі болмайды. Әкімдікке бардым. Ол жақтағылар мені тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспанаға орналастыра алатындарын айтты. Алайда мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Күйеуім маған ешқашан қол көтеріп көрген емес. Неге ондай жерде тұруым керек?! Басқа пәтер де жалдай алмаймын. Көк тиынсыз қалдық. Тіпті, кішкентай қызыма тамақ алып бере алмай отырмын. Қалада туған-туысым да жоқ. Жалғызбасты ана үйіне аз уақытқа тұруға рұқсат берді», - дейді ол.
Әсиямен бірге ratel.kz тілшілері тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамның төрағасы Әмір Әбдірахманға барған. Құқық қорғаушы Талдықорғанның ТКШ бөлімінің басшысымен сөйлесті. Нәтижесінде шенеунік шара қолданып, жас анаға көмектесуге уәде берген.