Қоғам
Белсенділер биліктен қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған 225 адамның аты-жөнін жариялауды сұрайды. Сонымен қатар, олар қаза болғандар мен ауыр жарақат алғандардың туыстарына «Қазақстан халқына» қоры есебінен көмек көрсетуді талап етуде. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
Петицияның бастамашылары – журналистер мен азаматтық белсенділер Әсем Жәпішева мен Белла Орынбет.
Олардың айтуынша, қазақстандықтар үшін әрбір өлім жай ғана сан емес.
- «Қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде ресми мәлімет бойынша 225 Қазақстан азаматы қаза тапты. Біз, қазақстандықтар, осынау қиын-қыстау кезеңде жақындарын жоқтап жатқан отбасылардың қайғысын бөліскіміз келеді. Олар да біздің отбасымыз.
Әрбір өлген адам қазақстандықтар үшін жай сан және жай статистика емес. Біз қайғырып, осы адамдардың отбасыларына көмектескіміз келеді. Тергеу жүргізу біздің құзырымызға кірмейді, бірақ қаза тапқандар арасында абайсызда зардап шеккендер, көп балалы ата-аналар бар екенін білеміз.
Осыған байланысты қаза болған және із-түссіз жоғалған 225 адамның аты-жөнін жариялауды талап етеміз. Сонымен қатар, қаза болғандардың туыстары мен ауыр зардап шеккендерге «Қазақстан халқына» қоры есебінен көмек көрсетуді талап етеміз.
Бұл көрсеткіштің артуы әбден мүмкін – әлі қанша адам із-түзсіз жоғалып кетті, қаншасы ауруханада жатыр, қаншасы әзірге мүлдем белгісіз. Барлығы көмектесіп, деректерді жария ету керек. Билік әр жерде айтылып жүрген «Біз біргеміз» ұраны бос сөз болып қалмауы керек», - деп түйіндейді петиция авторлары.