Bugin
Қырғызстан аумағына Болат Назарбаевпен бірге Нұрсайын Назарбаев та өтті. Азаттық радиосындағы әріптестеріміз жазғандай, олар 6 қаңтарда «Ақ жол» шекара бекеті арқылы шекарадан өткен, деп хабарлайды bugin.kz порталы orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Нұрсайын Назарбаевтың тегі бұрын Есполов болған. Ол Таразда тұрғын үй құрылысымен айналысты. Ашық дереккөздердің мәліметінше, ол 2016 жылы Есполов деген атпен Алматы қаласында «АНА - БГ 16» ЖШС ашқан. Екі жылдан кейін компания Назарбаев деген атпен тіркеледі.
Ол - 20 жылдан астам Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, сонымен бірге Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті қызметін атқарған академик Тілектес Есполовтың немересі.
Тілектес Есполовтың үлкен ұлы Айдос Есполов – Нұрсайын Назарбаевтың әкесі. Ол экономика ғылымдарының докторы, бір кездері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының корпоративтік даму бөлімін басқарды. Атырау мұнай өңдеу зауытының коммерциялық директоры болып жұмыс істеді. Сонымен қатар ҚР Парламент Сенаты Әкімшілігі басшысының көмекшісі болды. Қазір ол мемлекеттік қызметпен емес, жеке кәсіпкерлікпен айналысады.