Weekend

Өнердің шыңындағы ұлы тұлға

Қазақ бейнелеу өнерінің биігі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әбілхан Қастеев - қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы. Америкалық әйгілі суретші Рокуэл Кент: «Қастеев шығармаларын көріп, кең байтақ Қазақстанды аралап шыққандай әсер алдым» -деген екен. Иә, кімде кім болмасын Қастеев шығармаларын көріп, таңдай қақпауы мүмкін емес жәйт. Ол кісінің шығармаларына көз жүгіртсек болғаны таңғажайып сұлулық, тамсандырар табиғат  көз жауын алады. Қаншама мұра болып қаларлық туындыларды өмірге әкелуінің бірден-бір себепшісі – көк аспанмен таласқан таулары бар, еркелей аққан ерке өзені бар жазиралы Жаркент өңіріндегі  шежірелі       Шежіннің табиғаты екені айтпаса  да түсінікті нәрсе. Сол табиғаттың бәрін көзімен көріп, көкірегіне тұндырып, оны ақ қағазға әсерлі де көркем жеткізе білудің өзі шеберлік емес пе?! Әбілхан Қастеев  ішіндегі бүгіп қалған сырларының барлығын сырлы бояумен көркем жеткізе білді.

Ол кісі өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында өмірдің қарсы соққан даулдарына қарамастан, өнерге деген махаббатын сақтай білді. Әбілхан Қастеев шығармаларының  ерекшелігі  - бір көрсең болғаны, санаңда мәңгі сақталады, өзге бір әлемге тап болғандай әсер аласың. Қастеев шығармашылығы – қазақтың бағына біткен таусылмас қазынасы, сарқылмас мұхиты, түпсіз тұңғиығы. Тағы бір айта кететін жәйт, қай туындысын алып қарасақ та, ұлттық бояу, исі қазақтың қарапайымдылығы айқын бейнеленген. Жанына қылқалам мен  сырлы бояуды серік еткен Әбілхан атамыздың өмірі – үлгі боларлық өнеге. Өмір жолын жалшы Әбілханнан бастап «Қазақ бейнелеу өнерінің атысына» дейін жетудің өзі қаншама  еңбекті, қажырлықты талап етеді десеңізші. 

Тарихқа көз жүгіртсек  1929 жылы Ә.Қастеевтің шығармаларымен танысып шыққан 78  жастағы қарт суретші Н.Хлудов оған: «Осыншама жасқа келгенде қазақтан шыққан  мұндай талантты суретшіні көргеніме бақыттымын»- деп қолын қысқан деседі. Бұл – Әбілхан Қастеевтің талантының шексіздігін,арнайы білімі болмаса да, Алла берген туа бітті талантының арқасында артына мол мұра қалдырғандығының дәлелі.

Жасыратыны жоқ, жаһандану заманында осындай ұлы тұлғаларымыздың өмірі тұрмақ, тарихтағы орнын, кім болғанын білмейтін жас буын өкілдері де кездеседі. Сол себепті қашанда ұлы тұлғаларымыздың ұлы туындылары мен өнеге болар мәнді ғұмырларын біліп жүрейік! Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің өнерін ұлықтайық, ұмытпайық, санамызда мәңгі сақтайық!