Bugin
Тимур Кұлыбаевтың немере інісі Бексұлтан Құлыбаевтың Абу-Дабиден сәлем жолдаған видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Желіде видео жүктеген Бексұлтан Құлыбаев – Тимур Құлыбаевтың ағасы Талғат Құлыбаевтың ұлы. Талғат Құлыбаев ІІМ Алматы академиясын 2010-2018 жылдары басқарған, деп хабарлайды bugin.kz порталы nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Аузына темекісін қыстырған Бексұлтан Құлыбаев Қазақстандағы жағдайды талқылап отыр. Бірақ қазір өзінің Абу-Дабиде екенін айтады.
Абу-Дабиден сәлемдеме жолдап отырған Бексұлтан Құлыбаев – Талғат Құлыбаевтың үлкен ұлы. Талғат Құлыбаев отбасысы туралы 2005 жылғы сұхбатында былай деген екен.
«Иә, мен бақытты, кемеліне толған адаммын. Полицияда қызмет етіп жүрсем де мен өз отбасымнан айырылған жоқпын. Менің керемет әйелім бар. Екі ұлдың әкесімін. Үлкенім, Бексұлтан өзінің бизнесімен айналысады. Кішісі, Әлібек 11-сыныпты аяқтап жатыр. Америкалық фильмдерді көріп өскен ұлдарым, кішкентай кездерінде полицей болып көп ойнайтын. Мен генерал шенін алған кезде ұлдарыма: «Мен сендердің полицияда жұмыс істемегендеріңді қалаймын. Өмірде өз орныңды табуға септігін тигізетін көптеген мамандық бар», – деп айтқан болатынмын.
Әкесінің тілін алған болу керек, Бексұлтан Құлыбаев бұл салаға жоламапты.
Видеода көрсетілген аккаунтты тексеріп те көрдік. Бексұлтан Құлыбаевқа тиесілі аккаунт жабық болып шықты, артынша әлеуметтік желідегі парақшасын өшіріп үлгерген.
Бексұлтан Құлыбаевтың жеке бизнеспен айналысатыны белгілі. Оның «Че там, атып жатқан жоқ па?» деуіне негіз бар. Өзі де ату өнеріне қызықса керек. Әлеуметтік желісінде белгілеген Игорь Лим атыс өнерінің жаттықтырушысы.
Елдегі бүліктен соң бай-бағланның бәрі Дубай асқан сияқты. Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның да Дубайда екені белгілі болған. Ол Instagram функциясы арқылы анықталған еді. Кейін Назарбаевтың кіші қызы да аккаунтын өшіріп тастаған.
Видеоны осы сілтеме арқылы көре аласыз.