Қоғам
Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу міндетін алып тастауды ұсынды. Бұл туралы Bugin.kz порталы Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Айқын Қоңыровтың сөзінше, Қазақстанда жыл сайын 2,7 миллион көлік техникалық байқаудан өткізіледі.
Көлік жүргізушілері әрбір акт үшін 5 000 теңге төлейді. Осы саладағы жылдық табыстың көлемі, шамамен, 7-13 миллиард теңгені құрайды.
«Оны бәсекелес салаға беріп, техникалық байқау жасайтын жекеменшік станциялар желісін ашса да, одан өту тәртібі формалды және жемқорлық қаупі жоғары болып отыр», - деді Қоңыров.Осы орайда мәжілісмен өткен жылы ұсталған ұйымдасқан қылмыстық топты еске алды.
Оған көлік комитетінің лауазымды тұлғалары жетекшілік еткен. Республика бойынша 28 жалған фирма ашылып, 260 мың диагностикалық карта қолдан жасалды.
Осылайша, шенеуніктер және олардың сыбайластары техникалық байқаудан 1 миллиард теңге көлемінде заңсыз табыс тапқан. Ал фирмалар орналасқан жерде қажетті техникалық құрал-жабдықтар да болмады.
«Шенеуніктер осы саладағы жемқорлықпен күресудің орнына оған өздері басшылық еткен. Бүгінде техникалық байқаудың формалды шараға айналғанын айтуға болады. Халық болса, оған ақша шығарады. Жемқорлық болғаннан кейін техникалық байқау көлік иесі мен қозғалыстың басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етпейді. Экологиялық қауіпсіздкті де қамтамасыз етпейді», - деп атап өтті Қоңыров.
Осыған байланысты Қазақстан халық партиясының депутаттары техникалық байқаудан өту міндетін алып тастауды ұсынып отыр. Олардың ойынша, бұл талап автобус, жүк көліктері мен такси үшін сақталуы шарт.