Қоғам

Жаппай тәртіпсіздік кезінде қару таратқандар ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталды. Бұл 19-20 жас аралығындағы жігіттер болып шықты, - деп хабарлайды Bugin.kz.

ҚазАқпарат мәліметінше, жаппай ереуіл кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қаруларды алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Жедел іс-шара барысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады.

«Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын міндетті түрде тексереміз», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Айта кетейік, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәт куәгерлердің камерасына түскен. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілерде тарады.

«Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға мәжбүрлеген бір топ адам болды. Сосын біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды, автоматтарын сілкіп тұрды. Мен ақ түсті Lexus көлігін жүргіздім», – деді бірінші күдікті.

«Бұлар – газтұмылдырық киген, автомат, пышақпен қаруланған адамдар. Олар бізге қаруды тез алып шығып, оны апарып беруді бұйырды. Біз оны қорыққаннан істедік, бұл адамдар бізге қысым көрсетті. Автомат асынған адамдардан қалай қорықпайсың», – дейді екіншісі.

Үшіншінің айтуынша, қаланы көлікпен аралап жүріп, қару-жарақ дүкеніне барғандарында оны тонап жатқан. Олардың көліктеріне қару тиеп, алаңға алып бару бұйырылған.

«Полиция осы топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Еліміздің Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді полицияда.