Bugin
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бизнес өкілдерімен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасын талқылау бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды bugin.kz порталы.
Іс-шараға қала кәсіпкерлері, оның ішінде түрлі қызмет салалары бойынша ірі, орта және шағын бизнес өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен Алматы кәсіпкерлер палатасының басшылары қатысты.
Кездесуді ашқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бизнес-сала өкілдерінің стратегиялық құжатты талқылауға қатысуының маңыздылығын атап өтіп, қаланың бизнес ахуалын жақсарту мақсатында одан әрі табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді.
Биылғы жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы бизнес-қауымдастықпен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындады. Президент Қ.-Ж. Тоқаевтың ШОБ қолдау және дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес біз кәсіпкерлік қоғамдастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін пікірталас алаңдарын құрып жатырмыз», - деді Б. Сағынтаев.
Іс-шара барысында Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Ахметов 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасын таныстырды.
«Тұжырымдаманың маңызды басымдықтарының бірі адал бизнесті дамыту болып табылады. Тұжырымдама жобасында бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге ынталандыру көзделеді. Корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аудару қажет», - деп атап өтті Мұрат Ахметов.
Кездесу соңында қатысушылар пікірлерімен бөлісіп, парасатты бизнесті ынталандыру бойынша ұсынылған нұсқаларды талқылады, Тұжырымдама жобасына ұсыныстар енгізді. Бизнес-қоғамдастықтың барлық идеялары мен ұсыныстары ескерілетін болады.
Кездесуді қорытындылай келе, Алматы әкімі Б.Сағынтаев Тұжырымдама жобасын қалалық газеттерде жариялауды және «Almaty» ТА алаңында пікірталас алаңын құруды тапсырды. Мемлекеттік органдардың, азаматтық сектордың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері әзірленіп жатқан құжатты кеңінен талқылауға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында оның қағидаларын кейін іске асыруға тартылатын болады.