Bugin

Бүгін соты өтетін Біртанов қазақстандықтарға үндеу жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртановтың соты өтеді. Біртанов осы уақытқа дейін қолдау білдірген жандарға алғысын айтып, кінәсіздігі дәлелденетінін жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

- «Құрметті достар! Барлықтарыңызға осы заңсыз және біржақты қылмыстық тергеу барысында маған көрсеткен шынайы қолдауларыңыз үшін өзімнің және отбасымның атынан алғысымды білдіргім келеді! Сіздің менің кінәсіздігіме деген сеніміңіз мен үшін өте маңызды моральдық қолдау болып табылады!

Осы уақыт бойы мен адвокаттарыммен ісіміз бен кінәсіздігімізді дәлелдеуге тырыстық, бірақ біздің барлық уәждерімізді тергеу органы, қадағалау прокурорлары және тергеу соттары елеусіз қалдырды.

Ертең, 2022 жылғы 26 қаңтарда сағат 14:30-да сот отырысы басталады. Заңдылық пен әділдікке жететінімізге сенімдіміз! Қадірлі достар, ашық режимде өтетін сот отырыстарына қатысуға баршаңыздың құқығыңыз бар. Ешқандай сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамағаныма көздеріңіз жетеді», - деп жазды Елжан Біртанов.

2020 жылдың тамызынан бері тергелген Біртанов ісі 17 қаңтарда сотқа жіберілген болатын. Экс-министрге цифрлық бағдарламаға бөлінген 530 млн теңге бюджет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған.

Сонымен, бүгін сот процесі басталады. Бұған дейін экс-министрді қолдап петиция жарияланған. Оған 5 мың адам қол қойып үлгерген.