Bugin

Мәшһүр Жүсіптің Қазақстан болашағын болжағаны рас па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлеуметтік желі мен түрлі медиада Мәшһүр Жүсіптің Қазақстанның болашағына қатысты жасаған «болжамын» пайдаланушылар жиі бөліседі. Бұл бұрын тараған ақпарат еді, бірақ елдегі кейінгі саяси жағдайға байланысты «70 жыл құдайсыз қоғам болатыны, сосын 30 жыл ұры-қарылар былықтыратыны, кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайтыны» жайындағы болжам қазақ және орыс тілінде белсенді түрде қайта тарай бастады. Бұл туралы Bugin.kz порталы factcheck.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Болжамның өзін талдау фактчектің міндетіне кірмейді. Алайда оқырманның көп өтінішінен соң, біз Мәшһүр Жүсіптің сақталған жазбаларында мұндай «болжамның» бар-жоғын анықтауға тырыстық.

Үкім: Фейк

- «Мәшһүр Жүсіптің дәл осындай көріпкелдігі туралы айтқан беделді тарихшы не зерттеуші пікірі табылмады, ал Жүсіп Көпеевтің шөбересі бұл «болжамға» толық әрі нақты дәлел жоқ екенін жазған. Мұндай ақпаратты бөлісетін және тарататын медиа мен тұлғалар дереккөзді белгілемейді, бірақ кейде Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаевтың кітабына сілтейді. Біз дәл сол кітаптан мұндай «болжамның» тарауына себеп болуы мүмкін тіркесті таптық. Мәшһүр Жүсіп жайында кітап жазған оның шөбересі Абай Шарапиев мақаласында «70 жыл елді дінсіздер басқарады, одан кейін 30 жыл ұры қарылар былықтырады, сосын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды» деген болжамы Мәшекеңнің қолжазбаларында, 20 томдық еңбектерінде кездеспеді», - дейді.

Оның сөзінше Мәшһүр Жүсіптің осы заманға арналған болжамдары туралы Төлепберген Алдабергенов айтқан, ал ол Иманғали Мәненұлының қолжазбаларына сілтеген. Бірақ бұған жазбаша дәлел жоқ.

Филология ғылымдарының кандидаты , «Мәшһүрдің мұңы» романының авторы Серік Елікбай Factcheck.kz журналисіне, жұрт ішінде М. Жүсіп осындай болжам айтты деген аңыз бар екені рас, бірақ дәлелі жоқ дейді:

- «Мұндай пікір бар. Бірақ нақты дәлелі жоқ. Ұрпағы да айта алмайды. Еңбектерінің ішінде жоқ. Аңыз секілді. Ал егер, айтылып, жазылып, жойылып кетсе — амал жоқ».

Мұндай аңыз туралы жазғандардың көбі Философия, саясаттану және дінтану институтының кітабында Мәшһүр Жүсіптің «болжамдары» кеңінен жазылған дейді, біз ол кітапты қарап шықтық. Материалдың «Заман болжауы» (1916–2006 жылдар) бөлімінде, «70 жыл атеистік қоғам мен 30 жыл коррупция» жайында сөз айтылмайды. Тек мынадай жолдар кездеседі:

- «…Ал кәпір орысты кендір арқан», – дейді екен. Кендір арқан 70 жылда бір шіриді деген» (төмендегі файлдың 247-бетін қараңыз).

М. Жүсіптің дәл осы айтқаны ойдан шығарылған «көріпкелдіктің» себебі болса керек. Ең алғаш бұрмалаған кім екені табылмаса да мұндай ақпараттың тарап жүргеніне 20-25 жылдай болып қалды деуге болады, ал интернетке 8-9 жылдай бұрын келген.

Ғаламторда ойшылдың болжамдары туралы алғашқы жазбалардың тарауы 2013 жылдарға келеді. Жазбаларда М. Жүсіптің айтқандарын оның өлімінен соң болған оқиғалармен байланыстыруға тырысу байқалады. Осылар да болжам туралы фейк деректерге алып келуі мүмкін.

Ал әлеуметтік желідегі өлең кімдікі?

- «Материал өңдеу барысында әлеуметтік желіде тараған өлеңнің авторы Мәшһүр Жүсіп емес, ақын Аспанбек Шұғатаев екені анықталды. Авторлықты М. Жүсіпке таңушылар өлеңнің жартысын ғана кесіп алған және төрт шумақты өлеңнің формасын өзгерткен».

Бұдан бөлек әлеуметтік желіде алғашқы жарияланымы 2019 жылға келетін өлең тараған. Авторы Мәшһүр Жүсіп екені жазылған. Өлеңде келесідей жолдар бар:

- «Қазақ елі 70 жыл құдайсыз жүріп қағынар, Құбыласын ұмытып, Кремлге табынар, Күтіп жатқан алдында тәуелсіздік таңы бар, Басымыз бұлттан арылар, Заманым қайта тарылар, 30 жыл елді билейді ұрылар мен қарылар…».

Аңыздың шығуына осы өлең жолдары да себепкер болса керек. Алайда оның авторы Мәшһүр Жүсіп екеніне дәлел табылмады. Оның үстіне бұл өлеңнің таралуы тек әлеуметтік желілермен шектелгенін ескерген жөн.