Bugin

Депутат: «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік органдардың кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу тәсілдерін сынға алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейін есептеуде ашықтық пен объективтілік принциптерін енгізу қажеттігі туралы мәселе көтерді.

Сенатордың айтуынша, қазіргі көзқарас пен статистиканың нәтижелері сенім оятпайды.

– «Жергілікті атқарушы органдар, үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейінің төмендігі туралы үнемі айтып келеді. 2021 жылы үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз, ал кедейлік деңгейі 4,5 пайыздан аспайтыны туралы ресми ақпарат берді. Бұл шындыққа сәйкес келе ме?  Жоқ.

Негізі елімізде, біздің есептеуіміз бойынша, 2 миллион азамат жұмыс таба алмай отыр. Елдегі кедейшілік деңгейін анықтаудағы қазақстандық көзқарас әлі де кедейлік деңгейін жете бағаламауын жалғастыруда. Кедейлік шегін анықтайтын әлемдік стандарттарға жетуге не кедергі? Болашақта жалған статистикадан толық арылу керек. Тәтті өтіріктен ащы шындық артық», – дейді.

Осы орайда сенатор үкіметке кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасап, келешекте «жалған статистикадан» толық арылу қажеттігін алға тартты.