Bugin
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Қазақстан қабілеті зор дамыған елдер қатарына қашан қосылатынын мәлімдеді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвард университетінде білім алған шенеунік бұл деректі бір топ ғалымның мемлекеттердің қабілетін өлшейтін индексі аясында жазған мақаласына сүйеніп алыпты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оның мәліметінше, адамдардың қабілетін өлшейтін құрал жоқ болғанымен, мемлекеттердің қабілетін өлшейтін индекс бар. Бұл индекс дамушы елдер қабілетінің өсу динамикасын есептеп, олардың қабілеті зор елдер қатарына қай уақытта қосылатынын шығарады екен.
- «Есепке ілінген кезеңдегі екпінмен дамысақ, Қазақстан 10 820 жылдан соң қабілеті зор дамыған елдер қатарына қосылады екен. Бұл 2016 жылғы есеп. Қазақстанның 2012 жылға дейінгі аталған индикаторлар бойынша даму екпінін өлшеген. Одан бері біраз өзгерді десек, бұдан кейін де біраз өзгеріс болады деп ойлаймыз. Әрине, бұл таза арифметика, дегенмен ойландырады», — деп жазды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары.