Сот экс-министр Біртановтың ісін прокуратураға қайтарды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елорда сотында екі лауазымды шенеунікке – бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдаудың жалғасы болды, деп хабарлайды bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов соттан істі Бас прокуратураға қайтаруды сұрады. Ол істі тергеу кезінде заң бұзушылыққа жол берілгенін алға тартты.

«Бірінші бұзушылық – Ericson Nikola Tesla және денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне қатысты істі бөлу. Екіншісі – шындықты анықтау үшін маңызды құжаттарды енгізуден бас тарту. Үшіншісі – заң талап ететіндей істің барлық материалымен толық танысудан бас тарту. Құрметті судья, іс бойынша бізге, айыпталушылар мен қорғаушыларға белгісіз жаңа 8 том материал пайда болды. Төртіншісі – аталған заң талаптары мен біздің құқықтарымызды бұзып, істі асығыс және заңсыз сотқа беру», - деді Елжан Біртанов.

Сотта бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2021 жылдың қарашасында қорғаушылары бірқатар парламент депутаттарына жүгінгенін және депутаттар Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке сұрау жібергенін, бірақ әлі жауап жоқ екенін хабарлады.

Екінші сотталушы Әбішев ақпараттық платформа жұмыс істемейтінін мәлімдеді, өйткені ол қаржы мониторингі комитетінің шешімімен өшірілген. Оның айтуынша, 2018-2019 жылдары амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 60 млрд теңгеден астам қаражат оңтайландырылды.

«Платформа бюджет ақшасын ұрлауды жалғастыру үшін әдейі өшірілді, өйткені цифрландыру – сыбайлас жемқорлықтың жауы», – деді Олжас Әбішев.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Асқар Ақбаев 2021 жылдың қазан-қараша айларында өнім беруші өкілдерінің қатысуымен платформаның жағдайына бағалау жүргізілгенін, ол платформаның толық көлемде жұмыс істемейтінін анықтағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, платформаны министрліктің ақпараттық жүйелерімен біріктіру іске қосылмаған.

Прокурор Бауыржан Шекенов адвокаттар мен қорғаушылардың дәлелдерімен келіспей, сотталушылар уақыт созып жатыр деп есептеп, соттан іс бойынша басты талқылауды сұрады.

Сондай-ақ прокурор Ericson Nikola Tesla компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл іс Біртанов пен Әбішевтің кінәсін дәлелдеуге әсер етпейтіндіктен бөлінді.

Сот тараптарды тыңдап, Біртанов пен Әбішевке қатысты қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарды.

«Біртанов пен Әбішевтің қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы өтініші қанағаттандырылсын. Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 361-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптау бойынша және Әбішевтің қылмыстық кодекстің 361-бабында 4-бөлігінің 2-тармағының көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптауы бойынша қылмыстық іс қылмыстық іс жүргізу заңнамасының елеулі бұзушылықтарын жою үшін Бас прокурорға қайтарылсын», - деді судья Ибрагим Әлкенов.

Сонымен қатар сот Әбішев пен Біртановтың үйқамағын бір айға ұзартты.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61