Қоғам

«Газдың бағасы түскенімен, таксистер әкесінің құнын сұрайды» - халық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Биыл қаңтардың басында «Газ 50 теңге болсын» деген ұранмен Маңғыстау халқы бейбіт митингіге шыққан болатын. Оған күллі қазақ халқының қосылғаны естеріңізде болар. Нәтижесінде үкімет Маңғыстаудағы газ бағасын 115-120 теңгеден 50 теңгеге дейін түсірді. Қаіргі уақытта такси жүргізушілері облыстағы кез келген жерден газдың литрін осы бағада сатып ала алады. Алайда халық газ 120 теңгеден түскенімен, таксистер баяғы бағаны сұрайды деп наразылық білдіруде. Bugin.kz порталының тілшісі халықпен тілдесіп көрді.

«Өкімет газдың бағасын 50 теңге қылып берді. Таксистерге рақат болды. Жап-жақын жерге бару үшін де әкесінің құнын сұрайды. «Газдың бағасы не үшін түсті өзі?» деп кейде түсінбей қаламыз. Өткенде «Сарыбазар» деген жерден дачаға дейін адам басына 400 теңге төлеп келдім. Арасы артық айтқаным емес, 5 км ғана», - деп ағынан жарылды базардағы саудагер Маржан апай (есімі өзгертілді).

Ал жүргізушілердің айтуынша, таксидің бағасы газға қарағанда азық-түлік бағасына тікелей тәуелді екен.

«Кейбір жүргізушілер азық-түлік бағасы қымбат, сондықтан такси бағасы да қымбат деп сылтауратып жатыр. Оны қымбаттатып отырған біз емес қой. Қарапайым халықтың не кінәсі бар бұл жерде?! Газды арзанға аласыңдар да, таксиге мінуге мәжбүр халықтың қалтасын сорасыңдар келіп», - дейді базардағы саудагер.

Таксидің қымбат екенін айтудан басталған әңгімеміз халықтың тағы бір мәселесінің ұшын көрсетіп берді.

«Біздің де былай-былай шығуымыз, баратын жеріміз көп. Алматы секілді ірі қалалардағыдай емес, Ақтауда автобус аз, оған қоса кішкентай ғана автобустар. Оларды күтіп, уақытымызды бекерге құртпаймыз ғой. Келіп тұрса, әрине, автобусқа мінеміз. Жүргізушілер мына тұрған жерге сонша ақша сұраған кезде, еңбекпен тапқаным-ай деп жаның қиналып-ақ кетеді», - дейді кейіпкеріміз.

«Газ бағасы түскенімен, такси қымбат болып тұр» деп ашынған халыққа жағдайды түсіндіру үшін такси жүргізушілерінің пікірін де сұраған болатынбыз.

Олардың айтуынша, көліктері жиі бұзылады, ал оның запчастары мен қолақысы қымбат. Оған қоса азық-түлік бағасы да арзан емес.

«Жақын жерлерге үндемей кете береміз ғой. Қаланың шетіне шыққан сайын төлейтін ақшасы да көбейе береді», - дейді жүргізуші Самат (есімі өзгертілді).

Бұл кісіге жоғарыдағы саудагер кейіпкеріміздің оқиғасын айтып бердік. Ол «5 км жерге адам басына 400 теңге төледім» деп еді.

«Ондай таксилерге мінбеу керек. Біз өзіміз салонға сонша ақша алып жатамыз. Қаладан дачаға дейін қымбат болады енді. Бірақ адам басына 400 теңге дегені сұмдық қой! Сонда олар қаладан дачаға келу үшін 4 адамнан 1 600 теңге алады. Бұл халықты тонау емес пе?!» - деп такси жүргізушісі саудагерге қолдау білдірді.

Сонымен қатар ол қарапайым адамдарға лайфхак та айтып өтті.

«Жалпы таксиге по пути мінген дұрыс. Сонда арзандау болады. Барынша адам басына емес, салонға ақша төлеуге тырысыңыз. Сонда адам басына шаққанда ақшасы білінбей кетеді. Басқаның өзіңізді тонауына жол бермеңіз», - деді ол.

Саматтың айтуынша, адамда шүкіршілік деген болу керек. Халыққа қолдау білдірген бұл жүргізуші 7-10 км жерге де машина салонын 500 теңгеге апаратын айтып өтті.

«Негізінде таксидің бағасы азық-түлік қымбат болған соң түспей отыр.

Газ қымбат кезде оны 4 000 теңгеге құйдырсақ, арзандағанда 2 000 теңге ғана газға кететін болды. Соның өзінде таксистер халықтан алатын ақшаны азайтып отырған жоқ. Жеке өзім 7-10 км жерге де машина салонын 500 теңгеге апарамын.

Сосын қазіргі уақытта Маңғыстау бойынша барлық жерде газ 50 теңгеден. Басқа қалаларда 65 теңге шығар. Бізде құдайға шүкір газ қатты арзандады ғой. Тіпті, кейбір жерлерде 45 теңгеге дейін түсті. Таксистер соны түсінуі керек, халықты тонай бермеуі керек», - дейді жүргізуші.

Ақмарал БЕРЕКЕТ