Жарнама

14 жасар қазақ баласының арманы: Көлік шығаратын зауыт ашу

Болашақ – жастардың қолында

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


"Жас Өркен" порталына келген мына мақаланың орны бөлек екен. Себебі, 14 жасында арманы асқақ Серік көлік шығаратын кәсіпорын ашқысы келетіні туралы айтып берген. 

Серік Жолаев – Ақтөбе өңіріндегі Шұбарқұдық ауылының тумасы. Шұбарқұдық гимназиясының 9-сыныбында оқиды. Бұл білім ордасы талантты түлектерді ұшырған киелі шаңырақ. Серік солардың жалғасы іспетті. Тоғызыншыда оқып жүргенде-ақ сүйікті ісімен айналысып, енді бүгінде кəсібін дөңгелетіп отыр. Бала күнінен-ақ көлік жөндеуге машықтанған жігіттің табысы адал, болашағы жарқын. Оны əңгімелескенде байқадық.


– Жасым 14-те. Сəуір айын- да 15-ке толамын. Отбасымда алты адам бар. Ата-анам, екі əпкем, інім бар. Əкем көлік жүргізуші. Анам тазалық саласының қызметкері, –деп бастады əңгімесін.

Бір жарым жылдан бері көлік жөндеумен айналысамын. Əкемнің қасында көп жүргендіктен, көліктің қыр-сырын меңгеріп алдым. Кішкентайымнан көлікке қатты қызығамын. Үйдегі бұзылып қалған тоңазытқыштарды, электр пештерді шашып, қайтадан жөндеп жүрдім. Кейін əкемнен көлік жөндеуді үйрендім. Интернеттен, ютуб желісінен көлікке диагностика жасауға қатысты мəліметтерді оқып, білімімді жетілдірдім. Алғашында үйдің алдындағы Газель көлігінің моторын жинадым. Механиктер əртүрлі болып бөлінеді. Мен автоэлектрикпін. Механик емеспін. Механик машинаның темірлерін жөндеумен айналысады. Тетіктері мен қозғалтқыштарын алмастырады. Мен машинаның сым-токтарын жөндеймін. Механик компьютермен жұмыс істемейді. Маған компьютер диагностика жасау үшін керек. Ресейде шығарылған ескі көліктерді жөндеген оңай. Көлікті диагностикадан өткізіп, ақауын анықтайтын арнайы бағдарламасы бар құрылғы мен компьютер қажет болды. Бұл құрылғымен 1992 жылдан бері қарай шығарылған Volkswagen, Skoda, Lamborghini секілді санаулы маркадағы көліктерді тексеріп, ақауын табуға болады. Болашақта барлық көлікті тексеретін құрылғы алғым келеді. Бірақ оның құны өте қымбат, шамамен миллион теңге тұрады. Жаңа маркалы көліктердің барлығында компьютер орнатылған. Ол жүргізушінің қауіпсіздігі мен қозғалтқыштың жұмыс істеуін бақылап отырады. Сол арқылы көліктің бұзылған жерін анықтауға болады.

Интернетке қызығушылығым жоқ. Телефон да ұстамаймын. Əлеуметтік желілерде жоқпын. Ғаламторға сабаққа қосымша мəлімет алу үшін ғана кіремін. Уақытымның көп бөлігін көлік жөндеуге жұмсаймын. Бұрын мені ауылдың адамдары мен аудан тұрғындары ғана танитын. Қазір Ақтөбеден ғана емес, Орал мен Атыраудан да іздеп келеді. Сыныптастарымның əкелерінің көлігін жөндеуге көмектесемін. Менің таңдаған салам «өлмейтін» мамандықтар қатарына кіреді. Техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Болашақта көлік жөндеу саласы бойынша автоэлектрик мамандығын игергім келеді.

Кейіпкеріміз табыссыз да емес. Дегенмен, ақша емес, алғыс алғанды жақсы көреді екен.

– Туысқан ағамның көлігін жөндеп берген едім, еңбегіме қой берді. Ең ірі табысым сол. Ешкімнен ақша сұрамаймын. Өздері беріп кетеді. Қазір ауылымда таныс ағамның жөндеу орталығындамын. Жалға алған болатынмын.

Қыс мезгілінде көліктердің барлығын сол жерде жөндеймін. Жазда үйдің алдында жөндеймін. Болашақта көлік жөндеу орталығы мен көлік шығаратын зауыт ашқым келеді, – дейді Серік.


Гүлдана
НҰРЛЫХАНОВА