Қоғам

«Сенатор барлығына төлеуді ұсынды»: Баспанасы жоқтарға өтемақы берілмек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы алатын ішкі істер органдары қызметкерлерінің тізімін кеңейтуді ұсынды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан сайты жазды, деп хабарлайды bugin.kz порталы.

Депутат қаңтардағы қайғылы оқиғалар полиция қызметкерлерінің осалдығын көрсеткенін айтты. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында аттестациялаудан өткен 72 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Қаңтар оқиғасында 3 мыңға жуық полиция қызметкері зардап шекті, өкінішке қарай, 6 полицей қаза тауып, 100-ден астамы әртүрлі дене жарақатын алды.

«Жауапкершілігі мен қызмет ету қаупі жоғары болғандықтан, полицейлердің жоғары кәсіби дайындығы мен кадрларды іріктеу өте маңызды және бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажет. Оған қоса, олардың жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктері де көңіл көншітерлік емес. Қызмет атқарудағы теңсіздік жағдайында кадрлардың ішкі істер органдарынан басқа күш құрылымдарына немесе азаматтық ұйымға кетіп жатқаны байқалады. Қазіргі уақытта кадр тапшылығы шамамен 10 пайызды құрайды», - деді Бекназаров премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, ішкі істер органдарында ең төменгі жалақы өзге құқық қорғау органдарына қарағанда екі есе төмен. Сондықтан, депутаттың пікірінше, полицейлерді ынталандыру үшін қызметкерлерді қаржылық және материалдық қамтамасыз етуді теңестіріп, лауазымдық еңбекақысының ең төменгі шегін нормативтік тұрғыдан бекіту қажет.

«Ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. Сондықтан ішкі істер министрлігі қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеумен шектеледі. Алайда бұл төлемдерді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының тізбесін үкімет айқындайды. Соған байланысты бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж», – деді сенатор.

Сондай-ақ ол 2009 жылдан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне коммуналдық шығындарды өтеуге 3739 теңге берілетінін еске салды. Алайда, депутаттың айтуынша, қазір коммуналдық төлемдер орташа есеппен 18-20 мың теңгені құрайды. Ал өтемақы мөлшері жылдар бойына өзгермеген.

Бекназаров бұл проблема кадрлардың тұрақтамауына, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысқа деген жауапкершілігі мен ынтасының төмендеуіне тікелей әсер етеді деп санайды.

Осыған байланысты депутат барлық санаттағы қызметкерге лауазымына қарамастан үй жалдағаны үшін өтемақы төлеуді және коммуналдық шығындарды қайта есептеуді ұсынды.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғауда адал қызметті талап ету үшін қызметкердің тұрмыс жайлылығы мен мемлекеттің оның отбасына деген қамқорлығы маңызды рөл атқарады», - деп түйіндеді сенатор.