Bugin
Түріктер рұқсатын берді
Түркияның атақты Bayraktar-ын енді Украина да өндірмек. Дронды құрастыру үшін арнайы зауыт та салынбақ. Мұны Украинаның Қорғаныс министрі Алексей Резников хабарлады.
Бүгін, 3 ақпан күні, Түркия президенті Ердоған іссапармен Украинаға келіп, президент В.Зеленскиймен кездесті. Әскери қаруды құрастыруды келісу жөніндегі құжатқа да осы күні қол қойылмақ.
"Украина-Түркия серіктестігі аясында жоғары әскери технология саласында келісім жасалады. Атап айтқанда, келісімде Bayraktar дронын құрастыруға арналған зауыт салу жөнінде пункт болмақ", - деп келтіреді қорғаныс министрінің сөзін "Украинские новости" агенттігі.
Резников айтуынша, түрік дрондарына украин инженерлері ойлап тапқан "Мотор Сич" қозғалтқыштары қойылмақ.
Айта кеткен жөн, украин әскерилері байрактарды қолдануда тәжірибесі бар. 2021 жылы қазанда Донбастағы сепаратистерді тоқтату үшін Bayraktar-ды жіберген еді. Украинаның бұл әрекеті Ресей мен Германияның сынына қалды.
Ал Киев дронды қорғаныс мақсатында қолданғанын алға тартты.