Bugin
Тізімде бәрі жүр
Ұлыбритания парламенті Қазақстанның белгілі элиталарына қарсы санкция енгізуді қарастырып жатыр. Бұл тізімге ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев, мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматуллин, Nur Otan партиясы төрағасы хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Құлыбаевтар мен Болат Назарбаев енген.
Тізімді жасап ұсынған Ұлыбритания парламентінің депутаты Маргарет Хэдж. Оның айтуынша, британ билігі Қазақстандағы жемқорлық пен лас ақшаны реттеу бойынша қолғабыс етуі тиіс.
Депутат баяндамасында мына адамдардың байлығы мен тамыр-таныстығы жайында ақпарат береді әрі оларды санкция тізіміне қосқан.
Құлыбаевтар
Тимур Құлыбаев – Назарбаевтың қызы Динара Назарбаеваның күйеуі. Құлыбаев қолындағы билігі мен тамыр-таныстығын пайдаланып, үлкен байлыққа кенелген.
2020 жылы Financial Times Тимур Құлыбаевтың жасырын жолдар арқылы ірі мемлекеттік газ-мұнай құбырларынан қомақты пайда тауып отырғанын жазған. Еуропаның кей елдері қазір Құлыбаевқа қатысты пара беру мен табысын жасыру бойынша тергеу жұмыстарын бастап кетті.
Forbes мәліметінше, Құлыбаевтың дәулеті $2,9 млрд.-қа тең.
Ал Ұлыбританиядағы дүние-мүлкін 60 млн фунт стерлингке бағалауға болады.
Дариға Назарбаева
Дариға – Назарбаевтың үлкен қызы. Оның Forbes есептеген байлығы – $595 млн. Қаражаттың көбі құпия офшор мен шым-шытырық қорларға жасырылған.
Қазір Дариға Назарбаеваның Лондондағы үш зәулім сарайын тәркілеуге ордер берілген. Алайда Назарбаева Ұлыбританияның жоғарғы сотын сан соқтырып кетуі мүмкін.
Ал оның күйеуі Қайрат Шәріпбаев қазақстандық Bank RBK банкінен $334 млн қаржы жымқырып кеткен. Бұл банк – Назарбаевтар әулетінікі.
Нұрәлі Әлиев
Тізімде Дариғаның тұңғышы, Рақат Әлиев екеуінің ұлы – Нұрәлі де бар. 21 жасында "Нұрбанк" жекеменшік банктің төраға орынбасары болып, 22 жасында банктің басшысы болады.
Ұлыбританияның соты Нұрәлі Әлиевтің 2008 жылы Нұрбанктен $65 млн қаржыны несие етіп алған. Кейін тағы бір несие алған екен. Сол ақшаға Назарбаевтың жиен немересі Лондоннан 39,5 млн фунт стерлингке үй сатып алған көрінеді.
Кәрім Мәсімов
Мәсімов – бұрынғы премьер-министр (екі рет болған), ҰҚК-нің бұрынғы басшысы. Британ компаниясымен ауыз жаласқан адам. Airbus компаниясынан 45 тікұшақ сатып алу келісімінде пара алды деген күдік бар.
Сондай-ақ оған Швецияның Teli телекоммуникация компаниясынан $64 млн сомасында пара алды деген айып тағылған.
Владимир Ким
Ким – Қазақстандағы ең бай адам. Дәулеті – $4,3 млрд. Kazakhmys plc компаниясын басқарады. Бұл компания – Лондон қор биржасына шыққан алғашқы қазақстандық компания.
Global Witness есебінде бұл компанияны түгелдей Назарбаев иемделгені айтылған. Ал Ким – жай сенімді серігі. 2017 жылы Кимнің 18 жастағы қызы Камила Ким Лондонның төрінен $60 млрд қаражатқа үш пәтер сатып алған.
Кимнің серігі Эдуард Огай "Қазақмысты" басқарады. Ол да Ұлыбританияның премьер-министріне пара берген деген күдік бар.
Кеңес Рақышев
Қалай байығаны белгісіз. Ақшасының қайдан келгенін өзі де түсіндіре алмайды. Қазіргі бақ-дәулеті $1,6 млрд.-қа тең.
Шешенстан Республикасының басшысы Р.Қадыровпен жақын қарым-қатынасы бар. Қадыровқа АҚШ-қа кіруге тыйым салынған.
Сауат Мыңбаев
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ бұрынғы төрағасы. Энергетика министрі болған. Бермундта құны $3 млрд тұратын құпия компанияның иесі. Компания Қазақстанның ірі мемлекеттік келісімшарттарын ұтып отырған. Оның әйелі мен ұлының Ұлыбританияда үйлері бар.
Болат Өтемұратов
Назарбаев әкімшілігінің бұрынғы басшысы. Тұңғыш президенттің жеке қаржылық кеңесшісі болған адам.
Өтемұратовтың байлығы – $3,9 млрд.
Болат Назарбаев
Тізімді экс-президенттің інісі Болат Назарбаев та бар. Өте бай адам. 2008 жылы Манхэттеннің ультраэксклюзивті қонақ үйінен пәтер сатып алған.
Оған қаңтар көтерілісін ұйымдастыруға атсалысқан қылмыстық топты дайындаған, басқарған деген айып тағылып отыр.
Ахметжан Есімов
"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының бұрынғы төрағасы. Қордың басшысы бола отырып, күйеу баласы Ғалымжан Есеновке несие алып беруге, оны Виргин аралдарындағы құпия компанияға аударуға "атсалысқан". Қазір Есенов – Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі.
Қайрат Боранбаев
Назарбаевтың құдасы. Лондонда үш жылжымайтын мүлкі бар. Бірі 25,4 млн фунт стерлинг тұратын жабық кешен, екіншісі 60 млн фунт стерлинг тұратын пәтер, үшіншісі – 15 млн фунт тұратын тағы үш пәтер.
Әлия Назарбаева
Назарбаевтың кіші қызы Виргин аралдарындағы офшор арқылы елден $300 млн қаржыны жымқырған.
Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш
Назарбаевтың жиендерінің офшорда жасырынған құпия компаниялары бар.
Сондай-ақ тізімде Нұрлан Нығматуллин, Бауыржан Байбек, бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев, кәсіпкер Айдан Кәрібжанов, олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев те бар.