Bugin

Баспана қымбаттай ма – сарапшы жауабы

Бұл заңды құбылыс.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко үй бағасына қатысты өз ойын айтып, көпшіліктің сан сауалына жауап берді. Бұл жайлы ҚазАқпарат жазды.

Оның айтуынша, Қазақстанда пәтер бағасының өсуіне негіз де, себеп те жоқ.

"Елде қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдай біртіндеп түзеліп келеді. Адамдар қалыпты өмірге қайта оралды. Инфляцияға байланысты пәтер бағасы жыл сайын орта есеппен 10%-ға қымбаттап жатыр. Сатушылар бағаны шынымен көтерді. Әрбір сатушы баспананы мейілінше қымбатқа өткізгісі келеді, сатып алушы керісінше арзанға іздейді. Бұл заңды құбылыс. Алайда сұраған бағаға сирек өтеді. Қазір зейнетақы жинағының жеткілікті шегі артты. Сондықтан баспана бағасы арзандайды",- дейді Лариса Степаненко.

Спикердің сөзінше, қазір нарықта сұраныс аз да, ұсыныс көп.

"Баспана бағасын көтеруге ешқандай себеп көріп тұрғаным жоқ. Өйткені сұраныс нарықтағы ұсыныстан әлдеқайда төмен. Жазға қарай, әдеттегідей, елде халықтың белсенді көші-қоны басталады. Сол уақытта сатылымға көп баспана шығарылады. Алайда бұл бағаны негізсіз өсіруге әкелмеуі керек. Себебі, халықтың жалақысы өскен жоқ. Жұмыс орындарында қысқарту жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет тұрғын үй сатып алу үшін банктік бағдарламаларды әлі шығарған жоқ",- дейді ол.

Сонымен қатар, ол жазға қарай үй иелері сатылымға қойған баспана бағасын түсіретінін атап өтті.

"Бізде баспана сатушылар көп, сатып алушылар әлдеқайда аз. Сондықтан арзандауы керек. Үйін шынымен де сатқысы келетіндер, бағасын түсіреді", - деп қорытындылады сөзін Қазақстанның Біріккен риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко.