Bugin
КамАЗ концерні Қазақстанға 12 млрд теңге инвестиция салған екен.
Қазақстанда утилизациялық алым жойылса, елге инвестиция салып, көлік құрастыруды қолға алған Ресейдің автоконцерндері жабылып қалуы мүмкін. Мұны Ресейдің "Ведомость" басылымы хабарлады.
Басылымның жазуынша, Ресейдің ірі автоөндірушілері саналатын КамАЗ, Лада, Уаз сынды компаниялары Қазақстанға ондаған миллиард инвестиция салған.
Қазір Қостанай қаласындағы "Сарыарқа" автопромынан Lada мен "УАЗ", Семейдегі "СемАЗ" зауытынан Газ, Ақмоладағы зауыттан Камаз көліктері шығарылады.
КамАЗ концерні Қазақстанға 12 млрд теңге инвестиция салған екен. Ал 2024 жылға дейін ауыр жүк көліктерінің желілік өндірісін іске қосу үшін тағы 43 млрд рубль инвестиция құюды ойлап отыр. Былтыр КамАЗ Қазақстандағы зауытынан 2000 жүк көлігін құрастырып шығарған. Бұл – концернің бүкіл экспортының үштен бір бөлігі.
Сондай-ақ "Урал" бренді де Қазақстанға құрастыру кешендерін біртіндеп әкеле бастаған екен. Былтыр 72 данасын әкелген, биыл 113 данасын әкеп орналастырмақ.
"Егер утилизациялық алым жойылса, жергілікті автоөндіріс пен импорт бағасы теңесіп, ресейлік автоконцерннің бәсекелестігі азаяды. Сондай-ақ, утильалым болмаса, Қазақстандағы автоөндірушілер отандық автоөндіруші мәртебесінен айырылып, мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды", - деп жазады басылым компания өкілдерімен байланысып.
Ал АвтоВаз өкілдерінің айтуынша, утилизациялық алым төленсе, жергілікті автопромның жаңаруына, кешеннің жақсаруына көмектеседі. Ал алып тастаған жағдайда, елде ескі көліктері көбейіп кетуі мүмкін деген жорамалды айтады.