Bugin

«Қытай атынан шықты»: Конькимен жүгіруден сынға түскен қазақ қызы туралы не белгілі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай елінің атынан сынға түсіп жатқан этникалық қазақ қызы Ақнәр Адақтың көркіне ел сүйсініп жатыр. Желі қолданушылары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып-өскен қазақ қызының сұлулығына тамсанып, оның фотосын жиі бөлісуде. Today_qaz Instagram парақшасы конькиші қыз туралы ашық дереккөздерде бар деректерді назарға ұсынды, деп хабарлайды bugin.kz порталы.

Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сүйенсек, Ақнәр Адаққызы Қытай халық республикасының Шыңжаң өлкесінде 1999 жылы 1 маусымда дүниеге келген.

Ақнәрдің бойы - 165 см. Конькиші қыз Шыңжаң қыстық спорт түрлерін басқару орталығының атынан Олимпиадаға жолдама алған.

Халықаралық Олимпиада комитеті бастапқыда Ақнәрдің шорт-трек бойынша жарыстарға қатысып, 2018 жылдан бері конькимен жүгіру спортына ден қойғанын жазады. Оның себебін Ақнәр Адаққызы қытайлық басылымға берген сұқбатында айтқан.

«Мен өзімді үлкен қашықтықта сынап көргім келді. Мен осылайша түрлі қиындықтарға төтеп беріп, өзімді жетілдіремін. Конькимен жүгіруде жетістіктерге жетемін деп сенемін. Қазір сол мақсатта жоспар құрудамын», - дейді ол 2019 жылы 29 наурызда chinadaily.com сайтына берген сұқбатында.

Ақнәрдің спорттағы дамуына қытайлық коньки спортының атасы Синь Циньшань үлес қосқан. Ол алғашқы қытайлық Олимпиада чемпионы Ян Янның жаттықтырушысы ретінде белгілі. 2018 жылы қаңтарда Синь Шыңжаңға барып, сондағы спортшыларды шорт-трек пен конькимен жүгіру бойынша жаттықтырған. Бастапқыда әйгілі жаттықтырушы Ақнәрден жақсы нәтиже күтпеген.

«Ол өз нәтижесін айтарлықтай жақсартты, бірақ оны спортта әлі де ұзақ жол күтіп тұр. Оның орташа уақыты 7:19,32. Сондықтан спортшыларымызды ұзақ қашықтықта әлем үздіктерін қуып жету үшін көп тер төгу керек», - деп баға берген Ақнәрге Синь Циньшань.

Сондай-ақ Ақнәр Адаққызының жеке өмірі туралы бірқатар деректі блогер Жолымбет Мәкіш парақшасында жазды. Оның сөзінше, Ақнәр Адаққызы Қытайдың Құттыби ауданындағы Тасбаспалдақ дейтін ауылда туған.