Bugin

Қаржы пирамидалары 30 мыңнан астам қазақстандықты алдап соқты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда 31 мың адам қаржы пирамидаларының қақпанына түсті. Алаяқтарға алданған қазақстандықтар 54 млрд теңгесінен айырылды.

Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтің айтуынша, әдетте алаяқтардың тұзағына оңай ақшаға қызығатын қазақстандықтар түседі. Пирамидалар «инновациялық жоба», «табысы жоғары бизнес», «табыс табудың кепілі» сынды сөздерімен адамдарды арбайды. Мысалы, Questra World компаниясы салымшыларға 300 пайызға дейін табыс табуға уәде берген. Аталмыш компанияның негізін қалаушылар соңынан ергендерге ойдан шығарылған инвестициялық портфельдерді сатып алуды ұсынған. Оның құны виртуалды валютамен 90-500 мың евро тұрады. 

Алаяқтардың қатарында "Гарант 24 Ломбард", "Денежный дождь", "Бриллиант Лайф" секілді қаржы пирамидалары бар.

Былтыр жауапты ведомствоның бастамасымен  213 қылмыстық іс қозғалды.  Ал, 2020 жылы сотта 149 қылмыстық іс қаралған. Атқарылған іс-шаралардың арқасында қаржылық алаяқтықпен айналысқан  180-нен аса компанияның қызметі әшкереленді. Сонымен қатар, 2021 жылы 126 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Олардың 38-і қамауға алынып, қалғандарының ісін сот қарап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының барысында полиция қызметкерлері жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын ақша мен мүлікті бұғаттады. Сондай-ақ, былтыр 16 қаржы пирамидасы жойылды.

Бұған дейін Қазақстанда қаржы пирамидаларының қақпанына түсетін адамдардың портреті туралы айтылған еді. Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі Гүлнар Нагизханованың айтуынша, әдетте 31-60 жас аралығындағы азаматтар алаяқтардың алдауына түседі. Олардың 74 пайызы жұмыс істейтін қазақстандықтар болса, оның 62 пайызының жоғарғы білімі бар.

Әзірлеген: Баян Ермекбаева