Bugin

Елімізде газ бағасы 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін өзгермейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда газ бағасы 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін өзгермейді. Баға өткен жылдың желтоқсан айы деңгейінде болады, деп хабарлайды bugin.kz порталы.

Қазақстан Үкіметі 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тауарлық газдың бағасын өткен жылғы желтоқсан деңгейінде белгілемек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

"Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағыты бойынша Үкімет инфляцияны төмендетуді бақылау, тарифтік саясатты жетілдіру, қаржылық тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін іске асыруға шоғырланады. Ішкі нарықты толтыру, тапшылықты болдырмау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісі ұлғайтылады", - деді Смайылов.

Сондай-ақ оның айтуынша, ұлттық тауар өндіру жүйесін құрудың бірінші кезеңі іске асырылады, ішкі нарық сұйытылған мұнай газымен қосымша 150 мың тонна көлемінде қамтамасыз етіледі, ал шикі тауарлық газдың бағасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өткен жылғы желтоқсан деңгейінде бекітілетін болады.

"Тарифтік саясатты жетілдіру жөніндегі іс - шаралар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және олардың инвестициялық бағдарламаларды іске асыруын бақылауды қамтамасыз ету бойынша заңнамалық шаралар қабылданатын болады", - деп уәде берді Смайылов.