Bugin
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Human Rights Watch ұйымы «Қасіретті қаңтар» оқиғаларын тергеу бойынша диалогты бастады. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры Кеннет Ротпен бейнеконференция форматында кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстандағы «Қасіретті қаңтар» оқиғалары аясында адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтау мәселелерін талқылады.
- «Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттің құқық қорғау органдары қарулы тәртіпсіздіктерге еліміздің заңнамасына сәйкес бейтарап тергеу жүргізуді толық қамтамасыз етуі тиіс», - деді Сыртқы істер министрі.
Өз кезегінде К. Рот «біз Қазақстан билігінің диалог пен ынтымақтастыққа ашықтығын және адам құқықтарының халықаралық стандарттарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін растауын құптаймыз», - деп атап өтті.
Кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Human Rights Watch ұйымының қаңтар оқиғаларын объективті тергеуге мүдделі екені атап өтілді. М.Тілеуберді қазақстандық тергеу органдары азаматтарымыз бен халықаралық қауымдастықты алаңдатып отырған әрбір нақты жағдайды қарастыруға дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша адам құқықтарын сақтау мәселелері жөнінде жұмыс байланыстары мен мазмұнды диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.