Bugin
Еуропа арест қойса, қиын
Қазақстанның шетелге кеткен қаржысы мен бүкіл активін Еуропа мемлекеттері тартып алмай тұрып, елге қайтару қажет. Ал ол үшін шұғыл түрде халық референдумын өткізу керек. Осылай деп жазды Наурыз банкінің бұрынғы президенті төрағасы Оразалы Ержанов Facebook-те.
"Сірескен мұз еріді! Ағылшын депутаты Маргарет Ходждың британ парламентінің алдында тұрып баяндама оқуы, мәлімдеме жасауы тегін емес. Біздің парламенттегі айтылған сөз сияқты жерде қалмайды. Демек, Еуропа лас қаржыны құрықтауға шындап кірісті деген сөз. ЕуроОдақ Қазақстаннан шетелге шығарылған қаржы мен активтерді, оған сатып алынған дүние-мүліктің бәріне арест қоюымүмкін. Олай болса, жағдай қиындау. Өйткені Қазақстан халқы бұл ақшаның өзінікі екенін дәлелдеуі керек, ал оған он шақты жыл кетіп қалуы мүмкін", - деп жазады Ержанов.
Оның айтуынша, экс-президенттің шетке кеткен қаржысын Еуропа іске кіріспей тұрып, өзімізге қайтарып үлгеру керек.
"Кеше мемлекет басшысы ұрланған ақшаны елге қайтарудың жолын табуы тапсырды. Бізге Еуропадан бұрын шапшаң қимылдау керек. Шеттегі ақшаны елге қайтарудың бір жолы бар. Ол – халық референдумын өткізу. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы" туралы заңда тұңғыш президенттің дүние-мүлкіне, жанұясына қол сұқпау керек деп жазылған. Бұл заңды жою керек. Ал ол үшін Республикалық референдум өткізу қажет. Бұл – ең тиімді әрі заңды амал", - дейді ол.
Оның айтуынша, заңды жою үшін 200 мың адамнан қол жиналу керек. Референдумды әр аймақтан үш адам шығып жинаса, барлығы 51 адам қол жинауға шықпақ. Оған әр өңірден 30 адамды қосыңыз. Сонда 510 адам 10 күнде-ақ қол жинап тастайды.
"Референдум екі мәселені қамтуы тиіс. Біріншісі – "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы" туралы заңды жоюы. Екіншісі – Қазақстан Республикасының заңнама бұзылып жекеменшікке өткен бүкіл ірі кәсіпорындарын мемлекет меншігіне қайтару", - деп жазады Ержанов.