Bugin

Елжан Біртанов тергеу барысындағы заң бұзушылықтарды тізіп берді

Экс-министр өзіне қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотта сөз сөйлеп, өзіне қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.

Нұр-Сұлтанда бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты алдын ала тыңдау өтті. Олар хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды, деп күдікке ілінген.

Экс-министр сотта сөз сөйлеп, тергеу барысындағы кейбір заң бұзушылықтарды тізіп берді.

 

«Бірінші және ең басты бұзушылық – Ericsson Никола Тесла мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне қатысты істі бөліп қарастыру. Менің ойымша, бұл – қылмыс. Бұл қандай іс сонда? Қаржылық бақылау агенттігі министрліктің қай қызметкерлерін қандай бұзушылықтары үшін жауапқа тартпақшы? Комиссия мүшелерінің актіге қол қойғаны үшін бе? Платформаны іске қосуды тоқтатқаы үшін бе? Әлде басқа әрекеттер үшін бе? Мұны білмейміз. Менің ойымша, егер сот тексеруін белгілесеңіз, бәлкім ENT мен Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлеріне сұрақ қоюымыз мүмкін. Ал бізге бұл іс басқа екенін, Әбішев пен Біртановқа қатысы жоқ болғандықтан істей алмайтынымызды айтады. Бұл – абсурд. Меніңше, бұл – өрескел заң бұзушылық», - деді Елжан Біртанов.

Бұрынғы министрдің пайымдауынша, егер сот істі прокурорға қайтару туралы өтінішті қанағаттандырса, онда істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке беру керек.

«Мен сотта қылмыс жасалмағанын, оның құрамы жоқ екенін, сондай-ақ теріс ниет көздеп, мемлекетке залал келтірудің жоқтығын растайтын барлық фактілер айтылғанын қалаймын. Өйткені екі жылға жуық уақыт бойы қоғам маған және Олжас Әбішевке қатысты жаңылысып келеді. Мен тағы да мәлімдеймін, қылмыс жасағанымыз жоқ», - деді Елжан Біртанов.

Келесі кезекте Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Ақбаев сөз алып, өтінішті қарау соттың құзыретінде екенін айтты. Бірақ платформа шынымен жұмыс істемейді. Бұл туралы толығырақ негізгі сот отырысында талқыланбақ.

Прокурор Шекенов судьядан бүкіл күдік негізді болғандықтан, өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Істі прокурорға қайтарудың қажеті жоқ, тергеу барысында заң бұзушылықтар болған жоқ екенін айтты.

Прокурор өз сөзінде Біртановтың Ericsson Nicola Tesla қызметкерлеріне қатысты өтінішіне түсініктеме берді.

«Тергеу барысында Ericsson Nicola Tesla компаниясының лауазымды тұлғаларын анықтау бойынша барлық шаралар қабылданды. Осы мақсатта халықаралық тапсырыс жіберілді. Алайда одан оң нәтиже шықпағандықтан, қылмыстық іс бөлінді. Бұл Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына қайшы келмейді. Осы ретте Біртанов пен Әбішевтің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану» – Ред.), ал Ericsson Nicola Tesla компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық» – ред.) бойынша алдын-ала тергеу басталды. Бөлінген істі жеке тергеу керек, өйткені оның нәтижелері Біртанов пен Әбішевтің кінәсін дәлелдеуге әсер ете алмайды», - деді прокурор.

Біртанов соттан Ericsson Nicola Tesla компаниясына тағылған айыптың мән-жайы анықталғанша Әбішев екеуіне қатысты істі қарауды тоқтатуды сұрады. Экс-министрдің айтуынша, алаяқтық ісіне қатысты үкіметтің ұстанымын анықтап, содан кейін ғана осы істі анықтауды жалғастыру керек. Біртанов компанияға қатысты күдікті Қазақстанның мүдделеріне қарсы қылмыс деп бағалады.

«Бұқаралық ақпарат құралдарынан Қаржылық бақылау агенттігінің өздеріне күдік келтіретінін, бәлкім алаяқтыққа айыптайтынын көргенде, меніңше олар елімізге қатысты тиісті талап қояды деп есептеймін. Бұл мәселе үлкен халықаралық дауға айналмайды деп үміттенемін», -  деді Біртанов.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министрі Олжас Әбішев хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен тергеуге алынған. Біртанов 2020 жылдың қарашасынан бері тергеліп жатыр.