Bugin
Еліміздің тарихында халқымыздың әлеуметтік жұпыны жағдайы Мемлекет басшысы деңгейінде бірінші рет көтеріліп отыр. Сондықтан үкімет кедейшілікпен шындап күресуі қажет. Осылай деп мәлімдеді Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров. Бұл жайлы ҚазАқпарат ХАА жазды.
"Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі кедейшілік мәселесіне баса назар аударды. Президент Үкімет мүшелеріне азаматтарымыздың көпшілігінің әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында жедел қадам жасауға тапсырма берді. Еліміздің тарихында халқымыздың әлеуметтік жұпыны жағдайы Мемлекет басшысы деңгейінде бірінші рет көтеріліп отыр. Яғни, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды, азаматтарды, халықты толғандыратын мәселе бойынша ашық, шынайы әңгімеге шақырып отыр деген сөз. Расында, халқымыздың басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайының төмендігі еліміздің тұрақты дамуына негізгі тежегіш болып саналады", - деді Е. Саиров Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол Мемлекет басшысы 11 қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзінде де Үкіметке халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар бергенін еске салды.
"Бір ай өтті, Үкімет өз деңгейінде еңбектеніп жатқан болар, дегенмен Үкіметтің іс-әрекеттері халыққа түсінікті, ашық, қадамдары азаматтармен тығыз байланыста болуы шарт. Алдыңғы Үкіметтің басты проблемасы өздерінің іс - қадамдарының логикасын, бағыт-бағдарын елге, қоғамға түсіндіре алмады, жабық стильде жұмыс істеді. Тарихтан сабақ алатын уақыт жетті. Осы орайда, Әлихан Асханұлы өзіңіздің, Үкімет мүшелерінің Мәжіліске, қоғам өкілдерінің қатысуымен, Президент берген келесі тапсырмалар: кедейшілікпен күрес, жастар мәселесі, кіші және орта бизнесті дамыту, сыртқа заңсыз кеткен капиталды қайтару проблематикасы, "Самрұқ Қазынаны" реформалау, РОП - ты оңтайландыру мәселелері бойынша есеп бергендеріңіз абзал", - деді депутат.
«Халық, қоғам Президент тапсырмаларының қалай орындалып жатқандығы, қандай жоспар бар, тапсырманы орындауда қандай қиындықтар бар екендігі жөнінде ашық, бүкпесіз хабардар болуы қажет. «Жаңа Қазақстан» философиясы ашық диалогты, шынайы дискуссияны талап етеді! Халықтың мәселесі тыныш кабинет шеңберінде емес, қоғаммен бірлесіп талқыланып, шешілуі тиіс», - деді Ерлан Саиров.