Bugin
Бейжің-2022 қысқы Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан алтын жүлдені иеленген Ресей спортшылары допинг дауына тап болды. 8 ақпан күні марапаттау шарасы өтуі тиіс еді. Алайда ұйымдастырушылар шараны кейінге қалдырды. Бұл жайлы Inside The Games порталы жазады.
Басылымның айтуынша, ресейдің мәнерлеп сырғанаудан қатысқан команда мүшесінің бірі допинг пайдаланған деген күдік шыққан. Соған байланысты Олимпиада ұйымдастырушылары "заңнама мәселесін" шешу үшін Халықаралық олимпиада комитетіне жүгінуге мәжбүр. Марапаттау шарасының кешігуіне де осы себепті.
Алайда Ресей тарабы спортшыларының допинг қолданғанын сенбейді. Әрі допинг-сынамасының аяқ астынан алуына күмәнді санайды.
"Допинг-сынаманы аяқ астынан алғаны күмәнді. Тек қауесет тарап жатыр. Ресми ақпарат ешкім берген жоқ", - дейді Халықаралық конький спорты одағының (ISU) вице-президенті Александр Лакерник.
Ал РФ Мәнерлеп сырғанау федерациясының өкілі Елена Чайковскаяның айтуынша, Олимпиада ойындарына дейін де, кейін де спортшылардан бірнеше рет допинг сынамасы алынған. Бірде-бірінен күмәнді зат табылған емес.
"Маусым бойы сынамадан өтті. Бірақ бірде-бірінен допинг табылған жоқ. Мәнерлеп сырғанау спортында допинг қолдану мүмкін емес", - деп түсіндірді Чайковская.
Айта кетейік, ресейдің мәнерлеп сырғанаушылары командалық турнирден алтын жүлдені иеленсе, АҚШ құрамасы күміс, жапондар қоланы қанағат тұтқан.